Ашылу салтанатында теміржол мамандары мен белді ғалымдар бас қосты
Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да баса айтқан еді. Бұл ретте Сәтбаев университетінде тұңғыш темір жол инженері, алаш зиялысы, ағартушы-ғалым Мұхамеджан Тынышбаевтың құрметіне Көлік инженериясы және логистика мектебі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ашылу салтанатында теміржол мамандары мен белді ғалымдар бас қосты.
– Қазақтың тарихында тұңғыш жоғары инженерлік білім алған адам – Мұхамеджан Тынышбаев. Қызылорда, яғни кешегі Ақмешіттен бастап, Семейден бері қарайғы екі жолды түйістірген, Жетісу облысында Айнабұлақты қосқан, барлық разъезд-стансаға қазақша ат қойған, бүкіл қазақты оқытып-тәрбиелеп, теміржолға бейімдеген адам, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Сыдықов.
Қазақстанның көлік және коммуникация әлеуетін қалыптастыруда Мұхамеджан Тынышбаевтың көшбасшы екені сөзсіз. Инженердің Түркiстан-Сiбiр темiржолын салудағы еңбегi өлшеусiз. Ал жаңа мектепте оқытуды білікті профессорлар ғана емес, практикалық тұрғыда тәжірибесі бар ірі автокөлік кәсіпорындары мен компаниялардың мамандары жүргізеді.
– Бүгін қуаныштымын. Сәтбаев атындағы университеттің ұжымына, профессорларына алғысым зор. Қазақ теміржолдың арқасында табыстан табысқа жете береді деп ойлаймын, – деді М. Тынышбаевтың немересі Нұршәкен Жүнісова.
– Арнайы министрліктің келісімшартымен теміржол мен логистика саласын дамыту бағдарламасын іс жүзінде қолға алайық деп шештік. Жақсы кадрлар Сәтбаев атындағы университеттен шығады деп ойлаймын, – деді Көлік инженериясы және логистика мектебінің басшысы Сейдулла Абдуллаев.
Оқи отырыңыз: Нарынқол ауылында көлік қаққан қыздардың жағдайы ауыр