Алматыда патрульдік полиция көліктеріне «Сергек» камерасы орнатылды. Бұл туралы қаланың тәртіп сақшылары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құрылғы мемлекеттік тіркеу нөмірінің жалған еместігін, техникалық байқаудың және сақтандыру полисінің бар-жоғын, төленбеген айыппұлдарды және көліктің қандай да бір қылмысқа қатысын анықтай алады. Сонымен қатар, құрылғы қоғамдық көлікке арналған жолақтағы жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін түсіреді. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін тәртіп сақшысының жұмыс кезіндегі іс-әрекеті бағдарламаға тіркеледі.
«Жаңа функция қаладағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған. Камераның көмегімен құрылғы кетіп бара жатқан көлікті анықтап, нөмірді таниды және деректерді орталық жүйеге жібереді. Қазір қалада жобаның пилоттық нұсқасын пайдаланып жатыр», – деді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.