Бүгін таңертең Үкімет басшысынан сөз естіп, жұмыстарына қатысты сынға қалған әуе компаниялары мен Индустрия министрлігі түстен кейін брифинг өткізді. Салаға жауапты ведомство ішкі нарықтағы авиакеросиннің жетіспеушілігін айтты. Отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиакеросинге деген қажеттілікті өтей алмаған соң, жанармайды Ресейден импорттауға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
– Қазақстанда жыл сайын 650 мың тоннаға жуық авиаотын өндіріледі. Ал жыл сайынғы тұтыну көлемі 1 миллион тонна шамасында. Сәйкесінше, жетпегенін шетелден қымбат бағаға жеткіземіз. Бұл жаңа бағыттарға жол ашуға кедергісін тигізіп жатыр, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Брифинг барысында әуе билеттерінің бағасы туралы да айтылды. Тасымалмен айналысатын компаниялар Қазақстанда ұшақ билетінің бағасы басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен деп атап өтті. Олар әлемде бұл салаға кететін шығын көтерілгенімен, біз самолетпен ұшу құнын сол қалпында ұстап тұруға тырысып жүрміз деп ақталғандай болды.
– Инфляцияның кесірі бізге де тиіп жатыр. Ұшу кезіндегі көрсетілетін қызмет, ұшақтың бөлшектері, әуежайдағы шығындар сынды дүниелердің бағасы көтеріліп жатыр. Осыған қарамастан біз билет бағасын ұстауға тырысамыз. Қазақстанда негізі ұшу ақысы нарықта арзан болып саналады, – деді әуе компаниясының президенті Питер Фостер
Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайылов әуе компаниялары жолаушылармен тығыз байланыс орната алмайтынын айтқан еді. Лайықты сервис жоқ деп сынаған. Алайда сынды көтере алмағаны ма, әлде мұндай кемшін тұсты әуе компанияларының көрмегені ме, белгісіз. Бір анығы, қызмет сапасын арттырудың орнына жолаушылардың «қара тізімі» деген ұғымды шығарып алған. Яғни, ұшақта өзін дөрекі ұстаған адамды келесі жолы отырғызбайды екен.
– Әуе компания қызметкерлерінің дөрекі қылығын айтқанда, жолаушылардың да орынсыз әрекетін қарастырған дұрыс деп септейміз. Сондықтан біз биылдан бастап «жолаушылардың қара тізімі» деген ұғымды шығардық, – деді әуе компаниясының президенті Владимир Денисов.
Жалпы Қазақстанда жолаушылар тасымалымен айналысатын әуекомпанияларға 40 млн теңге айыппұл салынған екен. Азаматтық авиация мамандарының айтуынша, аз сома болып көрінгенімен, айыппұл салынған мекеменің абыройына нұқсан келеді. Айта кетейін, биыл жыл соңына дейін әуе кемелер паркі тағы 10 ұшақпен толығады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана