Бірнеше шақырымға созылған жол бойындағы кептеліс көлік апатына әкеп соқты. Алматы облысының Боралдай тас жолында екі жүк көлігінің ортасында жаншылып қалған жеңіл көлікке қатысты тергеу басталды. Ал, жергілікті тұрғындар мұндай оқыс оқиғаның болғанына таң қалмайды. Себебі кептелісте тұрып, жұмысына кешіккендер қарсы жолмен жүруге мәжбүр. Мәселенің мән-жайын толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.
Бұл жол-көлік апаты кеше таңғы сағат 10.00 шамасында тіркелген. Жол бойындағы кептеліс кезінде HUALING маркалы жүк көлігі Мазда көлігіне барып соғылған. Соққы салдырынан, жеңіл көліктің сау-тамтығы қалмапты. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, апаттан бір адам зардап шеккен.
Жантүршігерлік жол апаты дәл осы жердегі Боралдай тас жолында болған. Бұл Алматыдан ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласына шығатын негізгі жол. Боралдай тас жолынан мұндай көрністі тәуліктің кез келген уақытында байқауға болады. Әсіресе, таң ертең және кешкілік уақытта 10 шақырым жолды бақандай 3 сағат жүріп өтеміз дейді жергілікті тұрғындар.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қарасай ауданының Жібек жолы-Елтай-Боралдай автожолында жыл сайын жүзге жуық апат тіркеледі екен. Оның көпшілігі осы кептеліс салдарынан болатынын айтады. Жол бойында уақытымыз сағаттап кетеді деп ашынған жұрт мәселенің әлі күнге дейін бір жақты шешілмегеніне наразы.
БЛИЦ:
- Жұмысқа қатынау қиын болып кетті ғой мынау. Кеше мында бір көлік апаты болған ба, ...жақпен айналып бардық.
- Әрқашан осындай кептеліс болады. Өте қиын.
- Күнде осындай, жол полициясы келеді, олар ұстайды, онда қаншама тұрады. Мүлдем такси тоқтамайды. Жұмысқа осы барғанда, кешігіп бара жатырмыз.
«Мен зейнеткер адаммын. Осы маңайда ғана жүремін. 6-7 де шығамыз үйден. Қалаға жетем дегнеше 2 сағат кетеді. Оның үстіне мына индустриал аймақ пайда болғаннан кейін, тіпті, көбейіп кетті», – деді көлік жүргізушісі Төлеу Әмірұлы.
Ал, Алматы облыстық автомобиль жолдары басқармасының мамандары болса апат көлік жүргізушілерінің арақашықтықты сақтамағанынан болды деп отыр. Ал, сағаттап тұратын кептеліске қатысты жарытып ештене айта алмады. Тек алдағы жылы облыстық маңызы бар бұл жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі дейді. Бірақ қазірде жыртығы жасалып, жамау-жамау болған тас жолдың кептелісті сейілткені байқалған жоқ. Жүргізушілер елдің жайын ескермей, ескісін жаңартқаннан пайда жоқ деп санайды.
«Қосымша басқарма, аталған автомобиль жолдарға жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге облыстық маслихаттық кезекті отырысына өтінім беріледі. Басқарма өз кезеніде бұл мәселелерді жіті бақылауда ұстауда. Жергілікті және әкімшілік полиция басқармаларына аталған тапсырмалар бойынша ұсыныстар енгізілу жоспарлануда», – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Айдос Досжанов.
Ірі мегаполистің өзінде 550 мыңнан аса көлік тіркелген. Оның үстіне күн сайын қала арқылы шамамен 200 мыңдай автокөлік транзитпен өтеді. Оған Алматыға еліміздің әр өңірінен келетін көліктерді қосыңыз. Жалпы алғанда алып шаһардың көшелерінде күн сайын миллионға жуық автокөлік жүйіткиді.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы