|
18.12.2019 | 19:56
4438

«Ақсай-3» шағынауданы тұрғындары қордаланған мәселені шұғыл шешіп беруді сұрады

«Ақсай-3» шағынауданында шамамен 2000-нан астам пәтер бар

«Ақсай-3» шағынауданы тұрғындары қордаланған мәселені шұғыл шешіп беруді сұрады

Тұрғын үй кешеніне жақын жерде Car City көлік бөлшектерін сататын сауда орталығы бар. Көлеңкелі бизнеспен айналысатындар көліктерді жол жиегінде, тіпті аула маңында жөндейтін көрінеді. Ал олардың артынан қалатын күл-қоқысты жергілікті тұрғындар жинауға мәжбүр. Бұл сұрақ қала әкімі Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында да көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ақсай-3» шағынауданында шамамен 2000-нан астам пәтер бар. Ауладағы көлік тұрағының тарлығы мұндағылардың басты базынасына айналған. Мәселені қанша жылдан бері аудан басшылығына айтып та жүр. Бірақ нәтеже жоқ дейді. Айтуларынша,  Car City сауда орнына келетін тұтынушылар көліктерін аула ішіне қойып, жүретін жолдың бәрін жауып тастайды. Келеңсіздік күндіз балалардың сабаққа еркін барып келуіне қиындық туғызуда. Ашынған халық түйіткіл мәселелерін қала басшысымен кездесу барысында да айтты.

«Кезінде біздің көлік тұрағымызды тартып алды, қала берді барлық жерде қоқыс», – деді бір тұрғын.

"Біздің бұл мәселені көтергенімізге 2 жыл болды. Сar City-дің барлық жұмысшылары үйдің алдына келіп көлік жөндейді. Біздің тұрындардың өзінде шамамен 300-ден астам көлігіміз бар. Бізге қоятын орын жоқ".

Тұрғындардың айтуынша, бұл ауданда бұрын арнайы көлік тұрағы болған. Алайда, ол орынды қазір көлеңкелі бизнеспен айналысатындар авто жөндеу алаңына айналдырған көрінеді. Сәйкесінше жұмысшылар аула маңында тазалық сақтамайды. Көлік құралдарына арналған сұйық майдан бастап, ауыр темірлерге дейін жол бойына тастап кетеді екен. Қоқыстан тау тұрғызатын болды дейді ашынған халық.  Тіпті, көшенің тарлығы сонша, көліктерді жаяу жүргіншілер жолына шығып алып та жөндейтіндер бар. Үйлеріне еркін кіріп-шығулары мұңға айналған халық мәселенің жуық арада шешілуін қалайды.

«Айна толған қоқыс, асфальттің үсті май. Жүретін жол жоқ. Бұл жермен біздің балалар жүреді ғой», - деді аудан тұрғындарының бірі.  

«Халықпен санасулары керек қой. Әркім өзінше кәсіп ашып алады. Содан кейін тазалық нормалары атымен сақталмайды», – деді бір тұрғын.

Сондай-ақ тұрғындар, Төле би көшесіндегі Car City сауда орталығының қасынан жаяу жүргіншілер жолағын салып беруді өтінді. Бұл жерде бағдаршам тек Яссауи көшесінің бойында ғана бар. Ал көліктің ағыны қатты. Аялдама жолдың арғы бетінде орналасқан. Бұл жердегі жаяу жүргіншілер жолағының жоқтығы әсіресе, оқушылар мен қарттар үшін қиындық туғызады.    

«Мына жерге жаяу жүргіншілер өткелі керек. Жолда машиналар өте көп жүреді, балалардың сабаққа барулары қиын. Қашан салынады?», - деп сұрады бір тұрғын.

«Тұрғындардан келіп түскен сұрақтарды қарастырамыз. 2020 жылға әр ауданға бюджеттен 500 млн теңге бөлінеді. Бұл қаражат тұрғындардың қажетілігі мен жайлы өмір сүруіне жұмсалатын болады. Аудан басшылары мемлекет берген ақшаны барынша тиімді пайдаланулары керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Шаһар басшысы аталған жайсыз жағдайды аудан басшысына шұғыл түрде шешіп беруді тапсырды. Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өтетін жиындарда әрбір шағымның жауапсыз қалмайтынын білетін ақсайлықтар, қордаланған мәселенің жуық арада шешілетініне үмітті.

Ұлағат Арғынұлы, Мурат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

кар сити
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир