Олардың айтуынша, тиісті құжатты өткізген күннің өзінде рәсімдеу мүмкін емес
«Моңғолия нөмірін Қазақстанда тіркеу мұң болды». Осылай деген 100-ден аса адам бүгін мамандандырылған ҚҚКО-да жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көпшілік биліктен араша сұрайды. Олардың айтуынша, тиісті құжатты өткізген күннің өзінде рәсімдеу мүмкін емес.
«Моңғолиядан, Грузиядан келген көліктерге кедендік баж салығы қымбат. Менің машинама салық мөлшері 2 миллион теңгеден асып кетті», – деді қала тұрғыны Нұқсат Өкейұлы.
Кәсібінің нәсібін осы көлікпен тауып отырғандар үшін заңдастырылмаған көлікпен ары-бері жүру қиындаған. Себебі жол полициясы шетелдік нөмірлі теміртұлпарды жиі тоқтатады.
«Бұл көліктерді ұрлап алған жоқпыз. Сол елдің азаматынан ақша төлеп алғандықтан, меншік құқығы өзімізде, біз иесіміз», – деді қала тұрғыны Айболат Төлеу.
1000-нан аса қандас көлігін заңдастыралмаған. Кейбірі, тіпті eGov.kz порталы кіре алмапты. Олардың айтуынша түсіндірме жұмыстары ақсап тұр.
«Олар кедендік тазартудан өту керек. Алматы қаласында Мерей деген жерде кеден орталығы бар. Сонда құжаттарды апарса, мән-жайды түсіндіреді. Біздің міндетіміз – кедендік одаққа мүше мемлекеттерді тексеріп беру. Шыққан құжатқа анықтама жазып береміз», – деді Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Жасұлан Кенжетаев.
«Моңғолиядан келген қандастармыз. Өз атымызға аударып, көлігімізді әкелдік. Олардың арасында қандастармен келіп, нөмір ала алмай жүрген жігіт көп. Қандастарға берілетін куәлікпен Қазақстанда тегін өткізетін, бірақ куәлікті де ала алмадық. Сары нөмірге қол жеткізе алмай жүрген азаматтар бар. Мына кісілерге келсек, бір-біріне жібереді», – деді қала тұрғыны Болатхан Байсолтан.
«Құжаттарды, машинаны тексереді. Тексерілген құжаты алып өткізеді. Бас тартқан жағдайда, осында отырған мемлекеттік орган қызметкерлеріне барып, сұрақ қоясыз. Олар түсіндіреді. Кедендік баж салығын төлейсіз болды, соны ғана төлеу керек», – деді мамандандырылған № 1 ХҚКО маманы Алмас Қойшыбеков.
Тіркеусіз тұрған көлікпен күнелтіп жүрген тұрғындар бүгін де мәселенің шешімін таппағанына наразы. Олардың айтуынша, жоғарыдан пәрмен болмайынша сең қозғалмайды.
Әлібек Шынтемір, Арсен Сандыбаев, «Алматы» теларнасы