|
27.02.2023 | 20:03
3219

Көлік жүргізушілеріне жаңа айыппұл енгізілмек

Әділет министрлігі дайындаған заң жобасы қазір көптің талқылауына ұсынылды

Көлік жүргізушілеріне жаңа айыппұл енгізілмек krimsk.bezformata.com

Қазақстанда жол апаты артқан. Сәйкесінше, енді жүргізушілерге жаңа айыппұл енгізілмек. Мәселен, бір ғана қаңтар айының өзінде республика аумағында 844 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әділет министрлігі дайындаған заң жобасы қазір көптің талқылауына ұсынылды. Оған сәйкес, мәселен жылдамдықты сағатына 40-тан 80 шақырымға арттырған азамат 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Бұл – 69 мың теңге. Ал жылдамдық 80-нен асса, айыппұл да 2 есеге өседі. Мұндай заң жобасының әзірленуін Әділет министрлігі елдегі әкімшілік құқықбұзушылықтың артуымен байланыстырып отыр. Яғни, ұсынылған жобаның әуелгі мақсаты – апат пен адам өлімін азайту. Ал жол мен көліктің жайын күнде көріп жүрген жүргізушілер басқаша пікір айтады.

«Мына жағдайға байланысты қазіргі заманда арттырудың керегі жоқ қой. Халық жанын әрең-әрең бағып жүр, ауыр тиеді», – деді қала тұрғыны.

«Айыппұл дұрыс емес, болмайды. Қайта оны азайту керек. ТМД бойынша ұялы байланыс, айыппұл, салық қымбат. Халықтың жағдайы нашар», – деді қала тұрғыны.

Талқыда тұрған жобаға сәйкес, жылдамдықты арттыру ғана емес, жалпы қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік терезесінен дененің бір бөлігін шығару және алдыңыздағы көлікті басып озудың да айыппұлы артады.

«Біз қазір шектен шығып барамыз. Жол апатын, адам өлімін азайтамыз деп халықтың қалтасына қарауды қойдық. Заң бұзатын адам соманың артқанына қарамайды. Меніңше, түсіндіру жұмыстарын көбейткен жөн. Көлік жүргізуші куәлігін беруді қатаңдатайық. Айыппұл айлық есептік көрсеткіш сомасымен-ақ өсе береді, осыған мән берген жөн», – деді автосарапшы Алексей Алексеев.

Жылдың алғашқы айында-ақ 844 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Мамандар апаттың азаюына қаладағы «Сергек» жүйесі айтарлықтай әсер еткен.

«5034 камераның 236 бекеті, яғни 306 камера тек қана жолда жылдамдықты асыру, жол ережесін бұзуғандарды анықтап, айыппұл салып тұрады.Тек қана қаңтарды алатын болсақ, ақпан айын қоспай, 17 мыңнан астам хаттама толтырылды», – деді  Полиция департаменті баспасөз қызметі басшысының орынбасары Еркін Өтегенов.

Аталған заң жобасында айыппұлдан бөлек, әкімшілік жазалар да қайта қаралған. Өзгеріс енген, толықтыру жасалған жобаны талқылау 13наурызға дейін жалғасады.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир