Мемлекеттік сатып алу процесінің дұрыс өтпеуінен Алматы облысындағы Береке ауылы биыл тағы жолсыз қалмақ. Батпаққа баттық деген бұқара енді қанша күтуіміз керек деп күйінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астана көшесін жасауға 205 млн теңге қарастырылған болса, биыл соның 100 млн-ы ғана бөлінген. Осылайша, қазанда басталуы керек жол құрылысы кейінге қалдырылған. Береке ауылы халқының жол дегенде берекесі әбден қашып біткен. Әсіресе мектепке баратын балаларға обал.
«Қотыр дегенде қотыр. Мына машина ай сайын жөндейміз. Көшеге шықсаңыздар жолда біреуінің көлігі сынып жатады. Көршілердің бәрі жиналып жол жасап та жатыр, тас төгуге миллиондап ақша жинап жатыр», – деді Береке ауылының тұрғыны Арнұр Түркменов.
Жол жайын жылда көтеретін жұртқа әкімдіктегілер асфальт биыл төселеді деп қуантқан. Алайда тендердегі былықтың кесірінен елдің қуанышы су сепкендей басылған көрінеді.
«Наурызда бастайды деген. Одан мамыр, тамыз, қыркүйек деді, міне әлі жоқ. Бір бөтен трактор көрсек қуанып қаламыз, шыны керек. «Жол жасайтындар ғой» келді деп. Әлі жоқ қой. Балаларымыз батпаққа батып келеді», – деді Береке ауылының тұрғыны Оразкүл Құрманқұлова.
Тұрғындар бірнеше жылдан бері шулап жүріп бас көшені жөндеуге биыл әрең қаржы бөлдіріпті. Сөйтіп мердігер компания анықталып, асфальт күзде төселуі керек болған. Бірақ мемлекеттік сатып алу процесінің дұрыс өткізілмеуіне байланысты аудандық прокуратура конкурсты жоққа шығарып отыр.
«Әкімдік бар, басқа құзырлы органдар бар, мердігерлер бар, бұлар бір-бірімен таласып-тартысып жүргенде, ортасында біз қарапайым халық зардап шегіп жатырмыз. Мысалыға тендер 25 шілдеде жарияланды, иа 21 қазан болсын, үш ай өтті. Не деген ол тендер үш ай өткізетін?», – деді Береке ауылының тұрғыны Еркін Ысқақов.
Аудандық прокуратураның әкімдікке берген ұсынысында жеке бір компанияны жеңімпаз санатына енгізу үшін комиссия мүшелері басқа компаниялардан негізсіз бас тартқаны айтылған. Комиссия жеңімпаз атанған компания жұмыс өтілі туралы мәліметтерді толық бермесе де құжаттарын қабылдапты. Сондай-ақ тендердің ойнатылуы тәсілі орташа немесе күрделі жөндеу ретінде жариялануы тиіс еді. Алайда конкурс маршруттық тәсілмен өткізілген.
ҚАРАСАЙ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ҰСЫНЫСЫ:
Комиссия құрамына аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығы мен мамандары кірген. Алайда тиісті бөлім өкілдері өздеріне шаң жуытпайды.
«Қатысушы мекемелердің тәжірибесін есептеу кезінде қателіктер жіберілген. Мүмкін мен де жіберген шығармын, мүмкін басқа жіберген шығар. Жалпы комиссия қорытындысының нәтижесі қайта қарау ұсынылған. Яғни бұл жерде коррупциялық рисктардың алдын алу мақсатында прокуратурадан осындай ұйғарым шыққан болатын», – деді Қарасай ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ескендір Егеубек.
Енді комиссия мүшесіндегі алты адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тендер қайта өткізілмек. Қызығы, прокурорлар заң бұзды деп таныған бұрынғы комиссия мүшелері алдағы өтетін жаңа тендерді қайта қарайды.
«Біз келесі аптаның аяғына дейін жариялаймыз. Ол бес күн талқылауда тұрады. Одан кейін 15 күн ішінде мердігер мекемелер өтінімдерін тапсырады. Сосын қорытындысы шығады. Шыққан қорытындыға 5 күн шағым білдіру уақыты беріледі. Егер де мекемелер, қатысушылар шағым білдірмейтін болса келесі 5 күн ішінде біз келісім-шартқа отырып жұмыстарын жүргізетін боламыз», – деді Қарасай ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ескендір Егеубек.
Тоқетері, осындай процедуралар оңымен орындалса ғана жолды жасауға дайындық жұмыстары басталады. Яғни жол беті алынып, керекті құм төселеді. Жауаптылардың айтуынша тас жол төсеу келесі жылға қалдырылады.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы