|
27.06.2022 | 21:16
5839

Алматыдағы автобус паркі жаңа 800 қоғамдық көлікпен толығады

Жоспар 2025 жылға дейін жүзеге асуы керек

Алматыдағы автобус паркі жаңа 800 қоғамдық көлікпен толығады Almaty.tv

Алматыдағы автобус паркі су жаңа 800 қоғамдық көлікпен толығады. Жоспар 2025 жылға дейін жүзеге асуы керек. Бұл ақпарат бүгін әкімдіктің баспасөз қызметі жариялаған қаланың даму жоспарында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Қала тұрғындары үшін өзекті деп танылған мәселелердің қатарында аялдамалар мен қоғамдық көлік жайы да бар. Мәселен, азаматтар тарапынан түскен өтініштердің 11 пайызы автобустың жетіспеушілігіне, маршруттар мен жүру кестесіне қатысты екен. Ендігіде, аталған мәселені шешу үшін 2025 пен 2030 жылдарға нақты жоспар бекітіліп отыр.  

Алматыда 470 мың жеке көлік пен 230 мың автомобиль сыртан келеді. Кептелістер мен қоғамдық көліктің қызметіне қатысты арыз-шағымдар да осы арада туындайды. Лық толы автобустар мен олардың сағатына 20 шақырымнан да төмен жылдамдығы – көптің көкейін тескен әуелгі мәселе екені анық.

БЛИЦ:

- Қазіргі таңда біз автобустарды көп күтіп қаламыз, ішінде адам көп болады деген сияқты кішігірім проблемасы бар. Сол мәселелер шешілсе екен деген ойдамын.

- Өзі толып тұрған автобусқа баламен кірсең, мүлдем сыймайсың. Келесісін күтуге мәжбүр боласың, бірақ келесі автобус келген күннің өзінде жағдай дәл солай. Кешке тіпті қиын.

- Біз үйден таңертең сағат 5:00- де шығамыз, 7:00-дегі жұмысқа үлгеру үшін аялдамада бос автобус күтуге мәжбүрміз. Бірнеше автобус лық толы келгендіктен, әлдеқайда ыңғайлысын күтіп тұрамыз. Жарты сағаттық жердегі жұмысқа жету үшін 2 сағат бұрын аялдамада тұру керек.

Аталған мәселелерді біржақты ету үшін алдағы 3 жылда 200 жаңа троллейбус сатып алу, газбен жүретін автобустар үшін 2 парк, 5 газ құю бекетін салу және заманауи форматтағы 200 аялдаманы іске қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ 2030 жылға дейін батыс бағытта метроның жаңа 3 бекеті салу жоспарда бар. Жаңадан 800 автобус қосылады.

«Негізі 800 аз сан емес, бүгінде біздің есебіміз бойынша 1000-нан кем болмауы тиіс. Қоғамдық кеңесте мен басқарған комиссияның негізгі бір бағыты - қоғамдық транспорт мәселелері. Сондықтан, біз қала әкімінің берген осы мағлұматтарын өте жақсы қабылдадық», – деді қалалық қоғамдық кеңестің өкілі Борис Жаппаров.

2025 жылға қарай қоғамдық көліктегі күнделікті сапарлар 1,7 миллионға дейін ұлғаяды деп күтіліп отыр. Бұл көрсеткіш қазір шамамен 1,4 миллионның айналасында. Қалай болғанда да, жыл сайын шара қабылдауды талап ететін сала 2030 жылға дейін бір шешімін табуы тиіс.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир