Жеңілдетілген автонесие: бір ғана банк несие беруге дайын

Almaty.tv
Almaty.tv
Банктер 4 пайыздық автонесие өтінімін алатын көліктің VIN-коды бойынша ғана қабылдайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің автосалондарында бүгін таңнан бері ұзын-сонар кезек қалыптасты. Оған себеп Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алайда банктер өтінім қабылдауға дайын болмай шықты. Өйткені қаржы әлі бөлінбеген. Соған қарамастан, жауапты мамандар брифинг өткізіп, бағдарламаның ережесін егжей-тегжейлі түсіндіріп әлек. Ал салондар тек өтініш қабылдаумен шектеліп жатыр.

Тасбике Серікбаева – армандаған автомобильді бүгін рәсімдеп кетем деп келгендердің бірі. Бұған дейін өзі ұнатқан көлікті таңдап та қойған екен. Бірақ бағдарлама басталды дегенмен, банктерде әлі қаржы жоқ дегенді естіп, көңілі су сепкендей басылғанын айтады.

«4 пайыздық автонесие сәуір айында басталады деп хабарлады. Одан кейін біз барып кезекке тұрдық. Кезекке тұрғаннан кейін ол басталған жоқ. Одан кейін мамырды күттік, бүгін айдың ортасы болды. 4 пайызбен автокөлік алған халыққа тиімді деп ойлаймын. Тек көлік халыққа жете ма», – деді қала тұрғыны Тасбике Серікбаева.

Жауапты ведомстволар бүгін бір ғана банк автонесие беруге дайын екенін мәлімдеді. Жалпы бағдарлама аясында 4 банк анықталған. Олардың қатары әлі де көбеюі мүмкін. Бағдарлама шарты бойынша несие соммасы 10 миллион теңгеден аспауы керек. Қаржыландыру мерзімі 7 жылды құрайды. Егер көрсетілген соммаға дейін көлік алатын болса, бастапқы жарнасы - 0 пайыз. Ал сатып алушы 15 миллион теңгеге дейін өз қаражатын қосатын болса алғашқы жарна төлейді. Банктер 4 пайыздық автонесие өтінімін алатын көліктің VIN-коды бойынша ғана қабылдайды.

«Ол не үшін керек? Біріншіден, диллерлық орталық немесе басқа адам келісіп алмау үшін VIN нөмірді есепшотқа енгізіледі. Екіншіден, бір адам екі жылдың ішінде қайта көлік ала алмау үшін де қадағайды. Үшіншіден, барлық адам тізімге тұрады және өзін көріп отырады», – деді Қазақстандық автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу бойынша директоры Ербол Сейпілов.

Бағдарлама көлік тапшылығы мәселесін туындатпай ма деген сұрақ халықты алаңдатты. «Қазақстан автобизнес қауымдастығының» өкілі Анар Мақашева автосалондар ай сайын 7 мың көлікпен толығып отырады дейді. Ал сарапшылар көлік тапшылығы мәселесі де, оның бағасының өсіп кетуі де мүмкін деп отыр.

«Әрине, көліктердің қымбаттауына әкеледі. Темір тұлпардың арзандауына қазір еш себеп жоқ. Өйткені, әлемде логистикалық проблемалар бар. Автокөліктердің құрал-саймандары да қымбаттап жатыр. Логистикалық мәселелерді КОВИД-пен ғана байланыстыруға болмайды. Көлік жабдықтарының тапшылығы болған, болады да», – деді автосарапшы Роман Масленников.

Бағдарламаның қызығын зейнеткерлер де көре алмайды. Сонымен қатар, нақты бір адамның атына жазылған төлем шотын басқа адамға беруге рұқсат жоқ, жеке тұлғаның аты-жөнін өзгертуге болмайды. Айта кетейік, жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша қаржыландыру сомасы шамамен 100 млрд теңгені құрайды.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров