Енді техникалық бақылау мен жобалау ұйымдары жол сапасы үшін жауап береді. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа өзгеріс бойынша жасалған жолды тапсырыс беруші тиісті сараптамадан өткеннен кейін ғана қабылдап ала алады. Мамандардың айтуынша, бармақ басты, көз қысты әрекеттің алдын алуға мүмкіндік бермек. Ал қалыпқа келтірілген жолдардағы ақаулар үшін жауапкершілік мердігер мекемеге тиесілі болмақ. Жаңашылдық кезінде талап пен тәртіп ескерілмеген жағдайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі техникалық қадағалау мен жобалау ұйымдарын да жауапқа тартуды ұсынып отыр.
«Бұл ретте жергілікті әкімдіктегілер жобаны өздері әзірлейді және жүзеге асырады. Қазір әсіресе, жол саласында жемқорлық бары жасырын емес. Заң жобасы қабылданғаннан кейін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» барлық жобаның ведомстволық сараптамасын қарап, жүргізеді. Кейін олардың сапалы жұмысына қарай халық бағалайды», – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Сапа департаментінің директоры Дархан Сайлауов.