Қазақстанда жеңілдетілген автонесиеге өтінім беру 18-ақ секундқа созылды. Осы уақыт ішінде 761 адам тіркеліп үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін көптеген адам көлік алу үшін арнайы жасалған онлайн платформаны таңнан бастап аңдыды. Тура 10:00-де өтінім қабылдауы керек еді. Алайда, мыңдаған адам бір минуттың ішінде өтінім беріп үлгермеген екен. Солардың бірі Самай Қадірбаев. Ол таңғы 9 жарымнан бастап сайтты жаңартып отырғанын айтады. Сағаттың тілі 10:00-ді көрсеткенде нұсқаулық бойынша бүкіл талапты орындапты. Бірақ монитордың жоғарғы жағында қызылмен боялған «эррор» деген жазудан басқа ештеме шықпаған екен.
«Бір апта бұрын естіген соң дайындалдық. ЭЦҚ дайындап, Бүгін сағат 10:00-де отырдық. 2-3 минуттың ішінде орын жоқ деп шықты ғой», – деді қала тұрғыны Самай Қадірбаев
Ал Азат Ақтаев – өтінім берген бақытты жандардың бірі. Ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін маман, сағат 9:57-ден бастап «өтінім беру» батырмасын әр минут сайын басып отырыпты. Электронды цифрлық қолтаңбасының құпия сөзін көшіріп, автоматты түрде қойған екен.
«Бірінші терезе ашылған кезде ЭЦҚ дайын тұрды. Соны таңдап, ЭЦҚ көшіріп қойған болатынмын. Ентерді басып ары қарай кіріп, ішіндегі номері жазылып тұрды. Мен Сарыарқаны таңдадым», – деді қала тұрғыны Азат Ақтаев
Әлеуметтік желіде «кей адамдар уақытынан ерте өтінім беріп тастапты» деген ақпарат шықты. Тіпті, кейбірінің скринделген суреттері де тарап жатты. Ал сағат 10:00-ден бастап үнсіз отырған өнеркәсіпті дамыту қоры тек түстен кейін ғана брифинг өткізіп, журналистерді жинады.
«Мақсат есімді азаматтың лимит кезегіне сәтті тіркелгенін растаймыз. Бірақ сағат 7:00-де емес. Мен оның өтінімін өзі немесе бөгде біреу басқа тәсілмен редакциялады ма, ол жағын білмеймін? Ол өтінім сағат 10.00, 36 долисекундта берілді. Қалай болса да, сағат 7:00-де емес. Оны дәлелдейтін скриндер қолымызда бар», – деді Өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Сәкен Сәбиев.
Сәкен Сәбиевтың айтуынша, кез келген қазақстандық 15 секунд ішінде өтінім беріп үлгереді. Маман соған сенімді. Ал қасында отырған өнеркәсіпті дамыту қоры төрағасының екі орынбасары «15 секундта өтінім беріп көрсетсінші» деген сұрауымызға жауап бере алмады.
Ринат Ғаппаров автонесие платформасында ақаул болғанын мойындайды. Келесі жолы ол олқылықтарды жоятынын айтып, уәде берді.
«Платформа бойынша ақауды біз ретке келтіреміз. Қазір барлық өтінім бойынша ақпараттар жиналып жатыр. Бұл сайт 30 жыл бойы жұмыс істейтін болған соң біз оны жаңартып отырамыз. Ал ендігі пулға өтінім беру қашан басталатынын алдағы уақытта айтатын боламыз», – деді Өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров
Бүгін сайтқа сағат 10:00-де бір мезетте 125 мың адам кірген екен. 761 желі қолданушысы 18 секундта өтінім берген. Ал алдағы айларда тек 100-ақ адамнан өтінім қабылданады. Ол кезде әлгі 18 секунд бірнеше есеге қысқаруы мүмкін. Автосарапшы Оңғар Алпысбайұлы бір мезетте сайтқа осыншама адамның кіруі автонесиеге деген сұраныстың жоғары екенін білдіреді дейді.
«125 мың адамның өтініш беруге талпынуы – жеңілдетілген автонесиенің халыққа өті тиімді, және қызық деген сөз. Жыл сайын белгілі мөлшерде ақша бөлініп тұрса, ары қарай жақсы жүруіне мүмкіндік болатын еді», – деді автосарапшы Оңғар Алпысбайұлы
Айта кетейін, бүгін өтінім берген 761 адамның 100-іне банк несие бермесе, ол адамдардың орны келесі айдағы пулға ауыстырылады. Яғни, келесі айда 100 емес, 200 адамның өтініш беруіне мүмкіндік бар.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Утеев, «Алматы» телеарнасы, Астана