|
27.04.2023 | 21:59
2816

Биыл қауіпсіздік үшін қойылған 7 мыңнан астам жол белгісі қолды болған

Өткен жылы 10 мыңнан астам жаңа жол белгісі орнатылған

Биыл қауіпсіздік үшін қойылған 7 мыңнан астам жол белгісі қолды болған Almaty.tv

Жол белгілеріне қырғидай тиетін қарақшылар көбейіп барады. Биыл жан баласының қауіпсіздігі үшін қойылған 7 мыңнан астам құрал қолды болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – бас қаладағы темір өткізу орындарының бірі. Темір-терсек, үйдегі жарамсыз болып қалған құрал-жабдық қалдықтары қабылданады. Тонна болып үйілген үйіндіден жол белгілерін көзіміз шалмады. «Оларды елдімекен аумағындағы ұрылар өткізеді» деді .

Азамат алмаймыз деп ағынан жарылғанымен негізгі мәселенің барын жасырмады. Айтуынша, қалаға жақын орналасқан аймақтарда жол белгілерін саудалау қиынға соқпайды. Мал қорасын бітеп, одан қалды құрылысқа қолданып, әйтеуір бір кәдесіне жарататындар көбейген. «Ұрылардың бұл әрекеті қазынадағы қаржыны қанау» дейді Қазавтожол өкілдері. Мәселен, 2021 жылы жол бойына 60 миллион теңгеден астам шығын келіпті. Күре жолдың бойындағы қауіпсіздік қоршаулары мен ескертпе белгілерге деген сұраныс артып тұрғанын жеткізді.

«Жол белгілерінен басқа мысалы, ұрланып жатқан зат көп. Кабельдер мен төсемелер, жарық шамдары бар. Осы ретте республикалық жолдарды қолданушыларға үндеу десе де болады. Ұрланған заттар жолдағы қауіпсіздікке әсер етеді», – деді «Қазавтожол» ҰК ресми өкілі Ләззат Стамғазиева.

Қауіпсіздік үшін қойылған құралдар ұрлықпен айналысатындарды аса алаңдатпайтын көрінеді. Себебі тек жол белгілері ғана қолды болмайды екен. Жарық шамдары, сымдар, тіпті қала көшелеріндегі төсемелерді де алып кеткен жағдайлар тіркеліпті. Ал өткен жылы республикалық маңызы бар автожолдар бойында 100-ге жуық жол белгісі қолды болған. «Ұрлау деректері әсіресе Қарағанды, Ақмола облысында өршіп тұр» дейді маман.

«Бізде мысалы, 2021 жылдың соңында және биыл Астана – Теміртау бағытындағы жол бойында, сондай-ақ Зеренді ауылында ұрлау дерегі тіркелді. Басты жолдар мен қауіпті жол бұрылыстарында белгілерді алып кеткен. Жергілікті полицияға арыз-шағым түсірдік. Бірақ жол белгілері табылған жоқ. Олардың ұрлануы жолдағы қауіпсіздіктің төмендеуіне алып келетінін азаматтар ұмытпаса деймін», – деді Ақмола облыстық «ҚазақАвтодор» ЖШС директорының орынбасары Ержан Тойбаев.

«Қарақшылармен күрес қиын. Әр белгіні күзетіп, бақылай алмайсың» дейді Қазавтожол өкілдері. Ал жоғалған дүниені қалыпқа келтіру олардың жауапкершілігіне кірмейтін көрінеді. Тек, заң жүзінде шара қолдану Ішкі істер министрлігінің құзіретінде екен. Жыл соңына дейін республика бойынша ұрланған және тозығы жеткен жол белгілерінің орнына жаңадан 7 мың белгі қойылмақ.

Жол белгілерін жиі ұрлау фактілері дәл осындай республикалық маңызы бар автожолдар бойында орын алады. «Қауіпсіздік үшін қойылған қоршаулар, жарыққа шағылысатын және ескерту белгілері өолды болады» дейді мамандар. Өткен жылы 10 мыңнан астам жаңа жол белгісі орнатылыпты.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир