Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында Т1 және Т2 терминалдарында ePassenger бағдарламалық қамтамасыз ету құрылғысы енгізілді. Жаңа жүйе мобиль отырғызу талондарын пайдаланатын жолаушыларға қызмет көрсету үшін жұмыс істейді, деп хабарлайды Tengrinews.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл технологияны әлемнің ірі әуежайлары қолданады. Енді жолаушыларға смартфон немесе басқа гаджет экранынан сканерлеу арқылы отырғызу талондарын тексеруден өту мүмкіндігі беріледі. Қағаз көшірмесі міндетті емес. Сурет «Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы» АҚ баспасөз қызметінен Бұл жағдайда қол жүгі бар жолаушы рейске алыстан - компьютер немесе мобиль құрылғы арқылы тіркеледі, ал арнайы 2D баркоды бар отырғызу талоны оған электрон пошта арқылы жіберіледі.
Бұрын рейске тіркелу кезінде жолаушы стериль аймаққа кіреберісте арнайы бақылаудан өтіп, отырғызу талонын алып, одан әрі әуе кемесіне отырғызу кезінде көрсететін болған. Бұл ретте жолаушы отырғызу талонын өз бетінше басып шығаруға немесе оны әуежайдағы әуекомпанияның тіркеу бағанасында алуға тиіс болатын.
«Осылайша, астаналық әуежайдағы бұл қызмет түрі жолаушыларға уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді», - деп түйіндеді әуежайдың баспасөз қызметінің өкілдері.