Жазғы демалыс кезеңі басталып жатыр, бұл уақытта шетелге шығу жоспарланған болса, келеңсіз жағдайға тап болмау үшін қазақстандықтар ең алдымен паспорттарының қолданылу мерзімін тексеріп алуы қажет. Өйткені кейбір елдерге кіру үшін паспорт қолданылу мерзімінің бітуінен кемі 6 ай бұрын ауыстырылуы керек, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің баспасөз қызметі.
Қазақстанда 2009 жылдан бастап биометриялық паспорттар (электрондық чипі бар) беріледі, олардың қолданылу мерзімі – он жыл, осыған байланысты ІІМ азаматтарға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен құжаттарды уақтылы ауыстыру қажеттігі туралы ескертеді.
Жаңа паспортты бұрынғы паспорттың жарамдылық мерзімі аяқталуына бір ай қалғанда қайта ресімдеуге болады. Қазақстан азаматтарына құжаттар он бес жұмыс күні ішінде беріледі. Егер паспорт шұғыл түрде қажет болса, оны азаматтар өз қалауы бойынша жылдамдатылған тәртіпте 1-7 жұмыс күні ішінде (Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында 1 жұмыс күні ішінде, облыс орталықтарында 3 жұмыс күні ішінде, облыстардың аудандары мен қалаларында 7 жұмыс күні ішінде) ресімдей алады.
Шетелге 16 жасқа толмаған балалармен бірге шыққан жағдайда, олардың паспорттарын алдын ала ресімдеген жөн. АҚШ, Ұлыбритания, БАӘ, Италия, Испания, Франция, Чехия, Словения, Хорватия, Греция, Венгрия, Польша, Германия, Швейцария, Швеция, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа да елдерде мемлекетке ата-аналарымен келетін балаларда паспорттың болуы міндетті және паспортқа баланың фотосуретін жапсыру құжат деп танылмайды.
Айыппұлдар, берешектер
«Шет елге шығуы шектелген, борышкерлер тізімі және атқару өндірісі бойынша борышкерлер тізімі бойынша шет елге шығуға тыйым салынғандығының бар болуын тексеру» қызметі арқылы немесе ҚР Әділет министрлігінің сайтында орналасқан «Қазақстан Республикасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың тізімі», «Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізімі» деректер базаларынан өзіңіздің аты-жөніңіздің іздеп, елден шығуға тыйым салынған-салынбағандығын тексеру маңызды.
Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар мен төленбеген айыппұлдардың бар-жоғын тексеріңіз.
Визалық режим
Таңдалған елге сапарға шықпас бұрын Қазақстан азаматтары үшін визалық тәртіп туралы білу қажет. Егер виза талап етілсе, онда мұны дипломатиялық өкілдік, консулдық мекеме немесе турагенттік арқылы алдын ала дайындау керек.
Визасыз режим болған жағдайда, сол елде болу мерзімі мен тәртібін нақтылау қажет. Оны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сайтынан білуге болады. Егер сіз қандай да бір ел арқылы транзитпен жүруді жоспарласаңыз, транзиттік визаларға қатысты кеңес алыңыз.
Визада деректердің дұрыс жазылғанын және визаның қолданылу мерзімін, шет мемлекетте болуға рұқсат етілген күндердің санын міндетті түрде тексеріңіз.
Шетелге оқу, жұмыс істеу немесе тұрақты тұру үшін барған кезде құжаттарға, атап айтқанда, АХАЖ берген куәліктер мен анықтамаларға, білімі, мүліктік қатынастары, еңбек қызметі және әлеуметтік қамтамасыз ету туралы құжаттарға, мүмкіндігінше соттылығының жоқтығы туралы анықтамаларға апостиль қою ұсынылады.
Медициналық сақтандыру, дәрі-дәрмектер
Сондай-ақ, шетелде болатын кезеңге алдын ала медициналық сақтандыру полисін сатып алуды ұсынамыз. Бұл медициналық көмекке жүгінген жағдайда шығындарды жабуға мүмкіндік береді.
Өзіңізбен бірге дәрі-дәрмек әкететін болсаңыз, сіз бара жатқан елде ол дәрілерге рұқсат етілгендігін білу керек. Сондай-ақ ыстық жақтарға шығар алдында дифтерияға, сіреспеге, полиомиелитке, сары қызбаға қарсы екпе жасату қажет.
Меккеге барушыларға менингококқа қарсы екпе салдыру ұсынылады
Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ұзақ уақыт болатын болсаңыз, В гепатитіне қарсы екпе жасату орынды. Кейбір елдерге сізді олар талап ететін екпелердің бар екендігі туралы анықтамасыз жібермеуі мүмкін.
Кедендік бақылау
Қазақстаннан шығатын кезде 10 000 АҚШ долларына дейінгі мөлшерде қолма-қол ақша алып шыға аласыз. Олай болмаған жағдайда декларация қажет болады. Сондай-ақ, сіз баратын елге қандай нәрселерге декларация керек екенін, қандай жағдайда керек емес екенін нақтылап алу керек.
Шекара арқылы ақшаны немесе тауарларды декларациясыз заңсыз өткізу әкімшілік және қылмыстық жолмен жазаланады.
Сапарға шыққан кезде сүйікті өнімдеріңізді немесе темекі маркаларын өзіңізбен бірге алуға ниет білдірсеңіз, алдымен оған тыйым салынбағанын анықтау керек. Мысалы, мұсылман елдеріне алкоголь әкелуге болмайды.
Уәкілетті органдардың рұқсатынсыз мәдени құндылықтарды, жабайы флора мен фауна объектілерін, қару мен оқ-дәрілерді әкелуге және әкетуге болмайды. Авиакөліктің қол жүгінде шанышқы немесе кесетін заттарды, түрі қаруға ұқсайтын балалар ойыншықтарын немесе басқа да заттарды алып жүруге болмайды.
Сондай-ақ бірқатар елдерде сұйықтықтар мен гельдерді алып өтуге шектеулер қойылған.
Мінез-құлық нормалары
Шетелде болған кезде ол елдің заңдарын сақтауды ұмытпау керек.
Шетелде болған кезде этика мен моральдың жалпы қабылданған нормаларын ұстану қажет, елдегі саяси және климаттық жағдайлар туралы ақпаратпен алдын ала танысқан жөн.
Күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда, мысалы, құқық қорғау органдары ұстаған кезде, ЖКО және т.б. жағдайларда қазақстандықтар сол мемлекеттегі қазақстандық консулдық мекеменің қызметкерімен кездесуді талап етуге құқылы. ҚР консулдық мекемесінің қызметкерлерінсіз шет тіліндегі хаттамалар мен құжаттарға қол қоюға болмайды.
Сіз бара жатқан елдегі Қазақстан елшіліктерінің немесе консулдығының телефондарын жазып алып, туыстарыңыз бен достарыңызға өз сапарыңыз, орналасқан жеріңіз бен байланыс нөмірлеріңіз туралы хабарлағаныңыз жөн.