Биыл құрылатын Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарында туристік бағыттар бойынша жаңашылдық болады. Бұл туралы «Kazakh Tourism» АҚ ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Аманбаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауында елімізде жаңа үш облыс пайда болатынын айтты. Бүгінде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру процесі қызу жүріп жатыр. Жаңа облыстардың пайда болуына байланысты туристік бағыттар бойынша жаңашылдық болады. Өздеріңіз білетіндей, Абай мен Ұлытау облыстары тарихи-мәдени туристік нысандарға толы. Ал Жетісу облысының табиғаты әсем екені белгілі. Бұл жерде туристер үшін тартымды болатын Жасылкөлді алуға болады», – деді «Kazakh Tourism» АҚ ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.
Басқарма төрағасының айтуынша, биыл да еліміздегі дәстүрлі курорттық аймақтар туристердің сұранысына ие. Оның қатарында Маңғыстау, Түркістан, Бурабай, Алакөл және Алматы тау кластері бар. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы биылғы халыққа жолдауында Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды. Сондай-ақ, Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы құрылатыны айтылды.