Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша өткен қала активінің отырысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тау шаңғысы аспектісінде тұралап қалмай, қаланың бай туристік әлеуетін дамыту қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Туристік кластерді дамыту туралы сөз қозғаған әкім ағымдағы курорттарды назарға алуды, бұлардағы көлік, тұру, тамақтану, жайлы жағдай жасау мәселелерін ретке келтіруді қадап тұрып айтты.
Алматы туристер үшін тау шаңғысы базаларымен ғана тартымды болмауы тиіс.
«Іскерлік, мәдени, спорт туризмін дамытқан жөн. Мұнымен күн сайын және барлық бағыттар бойынша жұмыс істеу керек. Сонда ғана біз туристердің тек тауларымызды көру үшін ғана келмегендерін сезінетін боламыз», – деді Б. Сағынтаев.