|
09.07.2021 | 17:02
1469

Елорда туристерді несімен қызықтырады

Бас қалаға келетін туристердің көбі ‒ Ресей, Германия, Корей, АҚШ, Өзбекстан сияқты елдерден келеді

Төрткүл дүниенің назарына ілінген елордамыз еліміздегі туризмнің жауһарына айналды. Аз ғана уақыт ішінде сәулетті ғимараттар бой көтерді. Қызмет көрсету заман ағымына сай жаңарды. Нәтижесінде алыс-жақын шетелден туристер қазақ елінің астанасын көруге асықты. Алдағы бірнеше жылда қалаға келетін туристер санын 3 млн-ға дейін арттыру жоспарлануда. Елорда қонақтарды несімен қызықтырады? Қала туризмінің әлеуеті қандай? Бұл жөнінде Almaty.tv тілшісі айтты.

Елорда еуразиялық кеңістіктегі бірегей жаһандық шаһарға айналды. Сәні мен салтанаты келіскен қала туристер үшін тартымды. Мамандардың айтуынша, жылдан-жылға қазақтың астанасын көруге асығатын шетелдіктер де көбейіп келеді екен. Ұлттық статистика бюросының ресми ақпаратына сәйкес, былтырғыға қарағанда биыл қонақтар саны 8% артқан.

«Біздің қаламызға көбінесе Ресей Федерациясынан келеді. Сонымен қатар  үштікте Германия және Түркия мемлекеттері бар. Одан бөлек Корей, АҚШ, Өзбекстан елдерінен келетіндер бар. Көбіне саяхаттап келетін 10 мемлекет бар. Бұл сырттан келетін туристердің 60-70% құрайды», ‒ деді «ASTANAINVEST ҚИДО» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Балтаев.

Бас қалаға қонақ болып келіп, тұрғыны болып қалып қойған шетелдіктер де бар. Солардың бірі ‒ Манас Жәнібеков. Ол осыдан 4 жыл бұрын елордаға Қырғызстаннан турист ретінде келген. Бірақ, өз еліне қайта оралғанда Нұр-Сұлтанға қоныс аударамын деп шешкен.

«Еліме оралғанда осы қалада тұрғым келетінін түсіндім. 2017 жылы қоныс аудардым, бүгінде астаналықпын. Маған шаһар өте қатты ұнады. Қаланың болашағы өте зор, әсіресе жастарға беретін мүмкіндіктері көп», ‒ деді қала тұрғыны Манас Жәнібеков.

Ел орталығында туризм негізгі 3 бағытта дамып келе жатыр. Атап айтсақ, іскерлік туризм, қалалық демалыс және медициналық туризмнің әлеуеті зор. Шаһарда туристердің қажеттілігі мен сұраныстарын толық қамтамасыз ететін түрлі бағыттағы нысандар бар. Халықаралық деңгейдегі әуежай, 2 теміржол вокзалы, 229 қонақ үй, 45 хостел, 67 мәдениет мекемесі, 5 мұражай, 9 театр, ЭКСПО кешені, Бәйтерек монументі, Мәңгілік ел салтанатты қақпасы, 9 ірі спорт кешені және 40-тан астам үлкен саябақ пен демалыс алаңдары бар.

 «Биыл бізде көзделіп отырған мақсаттарымыздың бірі осы Нұр-Сұлтан қаласында ұшатын кинотеатр ашу. Ол дүние жүзіне тараған объектілердің бірі. Қала тұрғындарына өте қызықты болады деп ойлаймыз», ‒ деді Ержан Балтаев.

Нұр-Сұлтан ‒ еліміздің бет-бейнесіне, брендіне айналған қала. Мұнда жаһандық іс-шаралардың өтіп тұруы да төрткүл дүниенің назарын өзіне аудартты. Бұл туристердің көптеп тартылуына сеп болды.  Бүгінгі күні қала қазынасына түсетін қаражаттың 5%-ы осы саланың табысы құрайды. 

Динара Жарқынбек, Нұрлан Өтеген Алматы телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир