Алматы туралы ең үздік бейнеролик иесі 300 мың теңгеге ие болды

Алматы туралы ең үздік бейнеролик иесі 300 мың теңгеге ие болды
Байқауда топ жарған бейнероликтер Алматыны жарнамалау мақсатында халықаралық туристік көрмелерде көрсетіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Байқауға қатысушылар арасынан туризм басқармасы тек ең қызық деген 18 жұмысты іріктеген. Олардың авторлары әртүрлі кәсіп иелері. Жас ерекшеліктері де әрқалай, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ең әсерлі шыққан шағын клиптерді журналистер, қоғамдық белсенділер және директорлар арасынан құралған қазылар алқасы таңдады. Нәтижесінде екі бейнеролик үздік деп танылған.

Байқау 1 шілдеде басталған. Шарт бойынша, қатысушылар 20 секундтан 3 минутқа дейінгі өздерінің жұмыстарында қаланың сұлулығын суреттеуі керек еді. Онда Алматының ең көрікті жерлері мен табиғатының ерекшелігі, сондай-ақ автордың алма шаһарынан алған жеке әсерлері туралы да баяндалуы қажет. Байқауда топ жарған бейнероликтер Алматыны жарнамалау мақсатында халықаралық туристік көрмелерде көрсетіледі.

«Өте жақсы бейнероликтер түсірілген. Оларды өз елімізден бөлек, шетелде де ұялмай көрсетуге болады. Роликтер қаланың алға жылжуына үлкен септігін тигізеді. Біздің басты мақсатымыз – Алматыға көптеген туристерді тарту. Туризм саласы мультипликативті әсерге ие, яғни әр келген турист қаланың ЖІӨ-н ғана емес, мейрамхана, қонақ үй бизнесі, такси, қоғамдық көлік сияқты басқа да салаларды жандандырады», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қалибек АҚЫЛБЕКОВ.

Новости партнеров