«Көкжайлау» тау-шаңғы курортының жаңа кейіпке енер күні алыс емес. Бүгін демалыс орнындағы жер теліміне қатысты тендерлік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің аумағындағы 5 жер телімі мемлекеттік байқау арқылы сатылымға шығарылды. Оның төртеуі «Көкжайлау» курортының құрылысына бағытталған. Бұл бас-аяғы 134,4 гектар аумақты алып жатыр.
Енді 15 күн бойы құжаттардың дұрыс-бұрыстығы анықталады. Содан кейін, жер учаскелерінің ұзақ немесе қысқа мерізімге беру туралы шешімі шықпақ. Кейін, бір жылдың ішінде жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Сөйтіп, бас-аяғы 3 жылдың ішінде құрылыс қарқыны аяқталып бітуі тиіс. Бастысы, флора мен фауна әлеміне кесірі тимейді дейді мамандар
«Зияны тимейді деп айтуға болады. Қазір туризм саласын қарқынды дамытуымыз керек. Қоғамдық кеңесте жобаның бас жоспары талқылаудан өткен. Экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар. Сол үшін алаңдауға негіз жоқ деп айта аламын», - дейді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Дархан Исабеков.
Айта кетейік, «Көкжайлау» курортына қарасты 134,4 гектар аумақтың 17 гектары – автомобиль жолдарына, 5,8 гектары – су бөгетіне, 67 гектары – шаңғы трассасына және 0,1 гектары аспалы жолға қарастырылған.