Vision Zero: Алматы көшелерінде өлім-жітімді азайту үшін швед жобасы жүзеге асады

Фото: Спутник Казахстан
Фото: Спутник Казахстан
Өткен жылы Алматы көшелерінде 133 адам қаза тапса, 2017 жылы 114 адам жол қозғалысының құрбаны болыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді Алматы жолдарында өлім-жітім азаяды. Оған «Вижн зиро» шведтік бағдарламасы себеп болмақ. Әкімдік оның 2021 жылға дейінгі жұмыс жоспарын да қабылдап қойды. Анығырақ айтқанда, көшелердегі жылдамдық көрсеткішін азайту ары қарай жалғасады. Басымдық жүргіншілер мен қоғамдық көліктерге берілмек деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жақын арада көптеген көше қиылыстары адам танымастай өзгереді. Жүргіншілер жолағы шығыңқы, жарық болып, бағдаршамдар жаяу жүргіншілердің қалауымен қосылады. Негізінен жол қозғалысының қорғалмаған аумақтарына басымдық беріледі.

«Алматы қаласында жүргізушілер мен жүргіншілер, жалпы барлығы жолда болатын өлімге немқұрайлы қарайтын болған. Ал, «вижн зеро» жобасы бұл түсінікті түбегейлі өзгертетіні сөзсіз», - дейді урбанист Әнуар ЖАНДОСОВ.

Өткен жылы Алматы көшелерінде 133 адам қаза тапса, 2017 жылы 114 адам жол қозғалысының құрбаны болыпты.

«Көптеген жыл бойы жолдың өткізу қабілетін арттыру мақсат болып, қауіпсіздік мәселесі келесі орындарда келді. Ал қазір керісінше, ол басты мәселенің бірі», - дейді көлік саласының сарапшысы Елена ЕРЗАКОВИЧ.

Жолда опат болғандар санын нөлге жеткізу – «Вижн зиро» тұжырымдамасының басты мақсаты осы. Швецияда ол тоқсаныншы жылдары қабылданған. 20 жылдың ішінде өлім жітім көрсеткіші екі есеге – 540-тан 250-ге бір-ақ төмендеген. Сандар күн санап өзгеруде. Содан болар, Швеция көшелері әлемдегі қауіпсіз жолдардың тізімінде көш бастап тұр.

«Вижн зироның негізгі идеясы – көлік жүргізушісінен де, жүргіншіден де жауапкершілікті алып, оны жолдарды жобалаған адамға ауыстыру», - дейді Әнуар Жандосов.

Бағдарламадағы басым бағыт – жылдамдықты азайту. Алматыда бұл реформаны жүзеге асыру басталып та кетті. Әзірге көлік жүргізушілері бұл жаңашылдыққа жатырқай қарағанымен, Швеция тәжірибесі міндетті түрде оң нәтижесін тигізеді дейді мамандар. Яғни, сағатына 30 шақырым жылдамдықпен қозғалған көліктен адам өлімі болмайды. Ал, сағатына 60 шақырым жылдамдықтан аман қалу көрсеткіші екі талай. Алматыда жүргізілген зерттеу нәтижесіне қарасақ, әл-Фараби даңғылындағы жылдамдық 2015 жылы 60-тан 80 болып өзгерді. Салдарынан өлім көрсеткіші 20 пайызға бір-ақ көтерілген.

«Біз балаларымыздың жолдан қауіпсіз өткенін қалаймыз. «Вижн зиро» тұжырымында мектепке апарар жолдардың қауіпсіздігі басты назарда», - дейді Елена Ерзакович.

Аталмыш жаңашылдықты алдымен жол көлік оқиғасы көп тіркелетін аумақтарға енгізеді. Қазір Алматыда олардың саны бесеу. Бағдарламаны енгізу арқылы қала билігі 2019 жылы жолда опат болатындардың санын өткен жылмен салыстырғанда – 25 пайызға, 2020-шы жылы – 35, ал 2021 жылға қарай 55 пайызға төмендетуді көздеп отыр.

Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров