|
20.01.2023 | 20:47
5473

Алматыда шетелдік туристер қанша жарна төлейді

Өзгеріс заңға 2021 жылы енгізілген болатын

Алматыда шетелдік туристер қанша жарна төлейді Фото Павел Михеев (Reuters)

Қазақстанға саяхаттап келгендерден алынған туристік жарна инфрақұрылымды жақсартып, елді жарнамалауға жұмсалады. Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлімдегендей, биыл шетелдіктерден 2 жарым миллиард теңге қосымша қаражат жиналуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Негізі мұндай өзгеріс заңға 2021  жылы енгізілген болатын. Бірақ әлемді жайлаған пандемия салдарынан оны іс жүзінде жүзеге асыру тек биыл қолға алынды

1 қаңтардан бастап Қазақстанға саяхаттап келген әр шетелдік азаматтан туристік жарна алынады. Яғни, олар қонақ үйде тұру құнынан бөлек, қосымша төлем жасауы тиіс.

«Бастаманың өзі, түсініп қарасаңыз, елге қосымша табыс әкелуге септігін тигізеді. Туристерге салық салу - әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар үрдіс. Оның үстіне, түскен қаражат инфрақұрылымды, отандық туризмді дамытуға жұмсалмақ», – деді қонақ үйдің бас менеджері Арсений Тагаев.

Айта кетсек, Алматыдағы туристік жарна мөлшері қонақ үйге төленетін құнның 5 пайызы көлемінде бекітілді. Сарапшылар болжауынша, биыл шетелден келетіндер саны 400 мың адамнан асады. Ал олардан туристік жарна жиналса, түсетін қаражат мөлшері - 2 млрд 342 млн теңгені құрамақ.

«Саяхаттап жүрген туристер мұнымен таныс. Мысалы, біз де өзге елге барсақ, еш қарсылықсыз, жарна төлейміз. Қоса кететіні, мұндай сома әуе жолына, қонақ үйге төленетін ақшамен салыстырсақ, қымбат деуге де келмейді», – деді «Қазақстан қонақ үйлер және мейрамханалар» қауымдастығының президенті Рашида Шәйкенова.

Туристік жарна көлемін шетелдіктердің келуіне қарай әр өңір өзі анықтайды. Тек мөлшері 1%-дан кем болмауы керек. Айта кететіні, бұл ереже жатақхана иелеріне немесе жалға берушілерге қолданылмайды.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир