Қазақстан мен Өзбекстанның көне тарихи жерлері және заманауи қалалары бір туристтік бағытқа тоғыспақ. Бұл туралы бүгін Алматыда алашапанды ағайындардың консулдығында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алтын шаршы» деп аталатын бұл жоба аясында кез-келген турист Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Отырар, Шымкент, Түркістан қалалаларының тарихи жерлері мен өзбек елінің Ташкент, Самарқан, Бұқара мен Хиуа шаһарларын аралай алады. Бұл жоба қос елдің туристік мүмкіндігін арттыруға, сондай-ақ аталған аймақтарға инвестиция тартуға көзделген.
«Екі елдің аумағында көптеген тарихи ескерткіштер бар. Туристер біріне барса, біріне жете алмай жатады. Одан өзге екі елдің тарихы бір-бірімен тығыз байланысты. Осы тұста біз қос тарапқа да пайдалы жобаны қолға алдық деп ойлаймын», - деді Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам НИЯЗХОДЖАЕВ.
Сондай-ақ, жиында Өзбекстанның елшісі екі ел арасындағы туристік ағын екі жылда 10 есеге артқандығын хабарлады. Егер «Алтын шаршы» жобасы сәтті іске асатын болса, өзге елден де келетін туристер санының артуы ғажап емес дейді. Әзірге, виза беру сынды мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселелер ғана қалып отыр. Ал, жоба авторлары келер айда бағыт бойындағы қалаларды өздері аралап, туристерге көрсетілетін қызмет сапасын бақыламақ.
«Біздің бұл жобада киелі Түркістанды Самарқан, Бұқара мен Хиуа қалаларымен байланыстыруымыз бекер емес. Аталған тарихи мекендер бір уақытта пайда болған. Одан өзге қазірдің өзінде бұл жобаға Орталық Азиядағы тағы бірнеше ел қосылуға қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта «Алтын шаршы» туристтік бағыттың географиясы кеңейеді деп ойлаймын», - деді жоба авторы Ләззат АХАНОВА.