Сотталушы түрмеде отырғанда оның адвокаты ауысқан. Осыдан кейін іс қайта қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Құқық қорғаушылар бұл — Италияның сот жүйесі тарихындағы ең үлкен қателік деп санайды.
Сенбіде Римнің апелляция соты 33 жылға жуық түрмеде отыруға мәжбүр болған адамды толығымен ақтады.
Беньямино Зункедду 1991 жылы қаңтарда Сардиниядағы Кальяри маңындағы Синнай коммунасында үш адамды өлтірді деп айыпталғанда небары 26 жаста еді.
Ер адам бір айдан кейін қамауға алынды, өйткені шабуылдан аман қалған куәгердің бірі оны танып, өлтірген осы адам деп көрсетті.
1992 жылы маусымда негізінен сол куәгердің сөзіне сүйене отырып, Зункедду бұл қылмысқа ешқандай қатысым жоқ десе де, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
2017 жылы жаңа қорғаушы істен біраз шикілік тапты. Ал кейінірек басты куәгер шабуыл жасаған адамның бет-әлпетін көрмегенін мойындап, өз айғақтарынан бас тартты.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлерінің бірі оған қылмыскер дәл осы Зункедду деп айтқан.
2023 жылдың қарашасында Беньямино Зункедду босатылды, ал 27 қаңтарда апелляция соты оның кінәсіз екенін растады.
Ал Сардиниядағы әлгі үш адамды кім өлтіргенін құқық қорғау органдары сол күйі тапқан жоқ.