Қырғызстанда лицензиялық талаптарды орындамаған 111 жекеменшік клиника жабылады, делінген Қырғызстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдемесінде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Таратылған мәлімет бойынша, биылғы жылдың 6 сәуірінде елдің Денсаулық сақтау министрлігінде жекеменшік медицина ұйымдарының лицензиялық талаптарға сәйкестігін тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Республика бойынша барлығы 370 емхана/кабинет тексерілген.
Оның қорытындысына сәйкес, медициналық қызмет түрлерін көрсетуге арнайы лицензиясы жоқ немесе қызметі лицензия талаптарына сәйкес келмейтін мекемелердің жабылуына қатысты 111 акт түзілді.
Инфекциялық бақылау стандарттарын сақтамағаны үшін 148 жеке кабинет/емханаға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық ұйғарым шығарылып, айыппұл салынады. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталықтарына шара қолдану жөнінде нұсқаулықтар жіберілді.