|
04.04.2020 | 11:09
12199

Қытайда алғаш рет ит пен мысық етін жеуге тыйым салынды

Қытайда жыл сайын 10 млн ит пен 4 млн мысық сойылады

Қытайда алғаш рет ит пен мысық етін жеуге тыйым салынды AFP

Шэньчжэнь – 1 мамырдан бастап ит пен мысықтың етін жеуге және сатуға тыйым салынған алғашқы қытайлық қала болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv сайты bbc.com агенттігіне сілтеме жасап.

Жан-жануарлар құқығын қорғаумен айналысатын Humane Society International ұйымының мәліметінше, Шығыс Азия елдерінде жыл сайын 30 млн ит сойылады екен. Дегенмен, Қытайда елдің бәрі иттің етін жей бермейді. Қытайлықтардың басым көпшілігі ит етінің дәмін татып та көрмепті және көргісі де келмейді екен.

«Өзге жан-жануарларға қарағанда, ит пен мысық адамға үйренісіп, үй жануарларына айнала алды. Сондықтан өзге дамыған елдерде және Гонконг пен Тайваньда оларды жеуге тыйым салынған. Бұл қалыпты жағдай», - делінген жергілікті әкімдік хабарламасында.

Humane Society International ұйымы қала билігінің шешіміне қолдау білдірген.

«Бұл шешім осы бір жантүршігерлік жағдаймен күрестегі айтарлықтай жақсы жаңалық болды, себебі, Қытайда жыл сайын 10 млн ит пен 4 млн мысық қырылып жатады», – дейді ұйым өкілі Питер Ли.

Айта кетейік, бұған дейін Қытай билігі коронавирустың таралуы көзі саналатын жабайы жан-жануардың етін жеуге және сатуға тыйым салған болатын. Тұрғындарға тек доңыз, қой, есек, қоян сияқты үй жануарлары мен үй құстарының етін жеуге ғана рұқсат етілді.  

Еске салсақ, 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында жабайы жануарлар етінен адамға жұққан COVID-19 вирусы бүгінде әлемге тарап кетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қауіпті вирустың таралуын пандемия деп жариялады. Бүгінде бүкіл әлем бойынша 1 млн 97 мыңға жуық адам осы вирусты жұқтырып отыр, 59 мыңнан астам көз жұмды.

Қазақстанда қазіргі таңда 500 адамның COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталып отыр. 29 адам ауруынан жазылып шықса, 3 науқас көз жұмды.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир