Жапонияда сенбі күні 7,3 магнитудалық жер сілкінісі болып, 103 адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы Жапонияның Kyodo агентігі жазды.
Агенттік таратқан ақпарттарға қарағанда, осыған дейін зілзаланың салдарынан 50 адамның зардап шеккені туралы айтылған. Зардап шеккендердің басым бөлігі Мияги, Фукусима префектураларының тұрғындары. Бұл аймақта жерасты дүмпулері басқа өңірлермен салыстырғанда қатты сезілген. Зардап шеккендердің басым бөлігі жерасты дүмпуі кезінде құлап, жарақат алып, немесе бір жерін ауыртып алғандар.
Айта кетейік, сенбі күні кешкісін Тынық мұхитта, Жапонияның Фукусима префектурасының солтүстік-шығысында қуатты жер сілкінісі болды. Жапонияның ұлттық метеорология басқармасы алдын жер сілкінісінің 7,1 магнитуда шамасында болатынын ескерткен. Алайда жер сілкінісінің қуаты 7,3-ке дейін барды. Жерасты дүмпуі Жапонияның Фукусима мен Мияги префектураларында және ел астанасының орталығында сезілген. Сонымен қатар жер сілкінісін елдің солтүстігі, солтүстік-шығысы мен Жапонияның орталығындағы 10-нан астам префектура тұрғындары сезген.