АҚШ коронавирустан көз жұмғандар саны бойынша әлемде алдыңғы орынға шықты. Елде қауіпті індеттен қайтыс болғандар саны қазіргі уақытта 20 597 адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv euronews.com сайтына сілтеме жасай отырып.
Ел билігі жедел түрде жаңа дала госпитальдерін салуға кірісті. Күн сайын US Open орталығы күн сайын көптеген науқастарды қабылдай бастады.
Бүкіл ел бойынша 533 260 адам қауіпті вирус жұқтырған. Ал ауру жұқтырғандар ең көп таралған аймақ – Нью-Йорк штаты болып отыр. Бұл штатта 160 мыңдай адам індет жұқтырған. АҚШ-та індеттен көз жұмғандардың тең жартысы да осы штат тұрғындары.
«Күнделікті өсіп жатқан цифрлар төбе шашыңды тік тұрғызады. Қаншама адам бақилық болды. Дегенмен, ауруханаларға түсіп жатқан ауру жұқтырғандар саны аздап бәсеңдеп келеді. Бұл індеттің беті қайта бастағанын білдірсек керек», - деп мәлімдеді АҚШ президенті Дональд Трамп.
Детройт медициналық орталығы адамның коронавирус жұқтырған-жұқтырмағанын аз ғана минут ішінде анықтап бере алады. Тестті «Генри Форд денсаулық сақтау жүйесі» ұйымының мамандары мен студенттер, яғни болашақ дәрігерлер жүргізіп отырады. Бұл орталықта ең алдымен жедел жәрдем қызметкерлері, полицейлер, автобус жүргізушілері тест тапсыра алады.
Дәрігерлерге қазіргі таңда әскери қызметкерлер көмектесіп жатыр. Бейсенбі күні Ұлттық гвардия ұшағы Солтүстік Каролинадан (елдің шығысынан) Аризонаға (оңтүстік-батысқа) қорғаныс құралдарын тігуге болатын материалдар жеткізді. Бұл аймақта 3 мыңнан астам адам ауру жұқтырған. Жүзге жуық адам көз жұмды.