Қырғызстанда митингіге шыққандардың басты талабы орындалды. Қырғызстанның сайлау комиссиясы Парламент сайлауының қорытындысын заңсыз деп тапты. Бұл туралы бас прокурордың міндетін атқарушы Алмамбет Шықмаматов хабарлады. Ол алдағы уақытта сайлау болатын күнді жаңадан белгілейміз деп атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дегенмен елдегі жағдай өршіп тұр. Еске салайық, 5 қазанда Қырғыз астанасы Бішкекте митинг басталған еді. Шеруге шыққандардың басты талабы – Жогорку Кенештің сайлауын әділетсіз өтті деп, нәтижесін жоюды сұраған. Олар ақ үйге басып кіріп мәжіліс залын қиратты. Куәгерлердің айтуынша, наразылық білдірушілер кабинеттерді өртеп жіберген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыстан 1 адам қаза тауып, 590 адам зардап шеккен. Оның 150-і ауруханаға жатқызылса, 13-і жансақтау бөлімінде. Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі дүмпуден кейін үндеу жасады. Ол саяси партиялардың басшыларын сабырға шақырып, ел тұрғындарына адам көп шоғырланған жерде болмауын сұрады.
«Қан төгілмесін, бірде-бір азаматтың өміріне қауіп келмесін деп күш органдарына бұйрық бердім. Қазір тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін мүмкін болған шаралардың бәрін жасадық. Мемлекеттің тыныштығы қандай да болсын депутаттың мандатынан биік. Мен сайлау қорытындысын жоққа шығаруға ұсыныс қылдым. Барлық мекендестеріме тыныштықты сақтап, заңсыз қадамдарға бармауын сұранамын», – деді Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков