Ұлыбритания тұрғыны өзінің терісінен сөмке жасап беретін сәнгерді іздестіруде. Ол сөмкені өзінің кесілген аяғының терісінен жасамақ.
Бұл туралы Metro басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Джоан есімді 55 жастағы әйел эндартериит аталатын қан тамырлар ауруының ауыр түріне шалдыққан. Сондықтан жақында дәрігерлерге оның бір аяғын кесуге тура келеді. Өз сөзінде әйел аяғының кесілетіні туралы ойдан жиіркенетінін айтады. Сондықтан аяғымның тағдырын өзім шешсем дейді.
Артынша әйел сөмке тігіп беретін тігінші іздестіре бастаған. Ол мұндай сөмке үшін 3 мың фунт стерлинг (1 млн 400 мың теңгеден аса) төлеуге дайын екенін айтты.
«Бұл біртүрлі, тіпті жиіркенішті болып көрінетінін білемін. Бәлкім, біреулер мені есінен адасқан деп ойлар. Алайда, бұл менің аяғым, сондықтан оның бір жерде шіріп жатуына жол бере алмаймын. Бұл менің бір бөлігім, оны сақтап қойғым келеді», – дейді Джоан.
Әйел тапсырыс қалдырған сайттың өкілдері онымен сөйлесіп көрген. Айтуларынша, әйелдің сөзі ақылға қонымды және бұл оның жеке басына қатысты мәселе.
«Мұның жиіркенішті екенін білемін. Алайда адамдар балаларының кіндігін сақтап, туыстарының мәйітінің күлін көпшіліктің алдына қойып жатады ғой. Сондықтан, ойланып қарасаңыздар, менің қалауым соншалықты біртүрлі емес», – дейді 55 жастағы әйел.