Грузия коронавирустың төртінші толқынын өткеріп жатыр
Грузия коронавирус жұқтыру жағдайы өсіп жатқандықтан бүгіннен бастап жаңа шектеулер енгізеді. Оған сәйкес, үш апта бойы елде қалалық көліктер тоқтайды, дәмхана мен мейрамханалардың жұмыс сағаты қысқарады, сондай-ақ фестивальдерге тыйым салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Новости – Грузия» порталының мәліметінше, 14 тамыздан 4 қыркүйекке дейін Грузияда қалалық қоғамдық көліктер (қалааралық көліктерден басқа) қозғалысына шектеу қойылды, фестивальдер, ойын-сауық шаралары, концерттер мен спорттық жарыстарға (халықаралық жарыстардан басқа) тыйым салынды.
Балалар ойын-сауық орталықтарының жұмысына шектеу қойылды, тамақтану нысандары 23:00-ге дейін жұмыс істейді, той, жаназа және басқа да шаралар өткізуге болмайды, бақылау күшейтіледі.
Мемлекеттік ведомстволар мен жеке компанияларға өз қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшіру тапсырылды. Қаладағы қоғамдық көліктерге шектеу қойылғандықтан, вакцина алатын мекемелерге тұрақты көліктер қатынамақ.
Грузия коронавирустың төртінші толқынын өткеріп жатыр. Күн сайын ауру жұқтырғандар саны төрт-бес мың адамға артуда. Грузияда пандемия басталғалы 471 мың жағдай тіркелді. 415 мыңнан астамы емделіп шықса, 6321 адам көз жұмды.