Украинаның шығысында денсаулық сақтау жүйесі толығымен істен шықты. Салдарынан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Мариупольдегі зардап шеккен халыққа көмек көрсете алмай отыр. Бұл туралы БҰҰ хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал Ресей билігі Пасха мерекесінде Одесса қаласына соққы жасады. Көмек ретінде АҚШ билігі Киевке тағы 713 миллион доллар көлемінде қолдау көрсетпек. Кеше Ресей Украинаның Одесса қаласына шабуыл жасады. Салдарынан 18 тұрғын жарақат алып, 8-і қаза тапты. Арасында 3 айлық нәресте бар. Бірнеше көп қабатты тұрғын үй қирады. Владимир Зеленский бұған қатысты өз сөзінде Ресей президентінің «Азовсталь» зауыты маңында шабуылды доғару туралы бұйрығына қарамастан, Мариупольде қақтығыс жалғасып жатқанын айтты. Қазір кәсіпорын ішінде бейбіт халықпен бірге 2 мыңға жуық украиналық әскер бар. Оларды эвакуациялауға мүмкіндік жоқ.
«Мариуполь қаласындағы жағдай өте ауыр. Біздің әскеріміз ол жақта бейбіт тұрғындарды қорғап жатыр. 1000-нан аса адамның арасында қария мен бала бар. Біз ресейліктерге «Азовсталь» зауытының тура іргесінде арнайы келіссөз жасауды ұсындық. Мұндағы мақсатымыз – бетпе-бет отырып оларды Пасха кезінде оқ атуды дереу тоқтату туралы келісімге келуге, гуманитарлық дәліздер құруға және сарбаздарымызды Ресейдің тұтқынға түскен барлық әскеріне айырбастауға шақыру», – деді Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович.
Ал Ресей өз кезегінде Одессаға емес, оның маңындағы аэродромға шабуыл жасағанын алға тартты. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, соққы жоғары дәлдіктегі зымырандармен жасалған. Салдарынан әскери аэродромда материалдық-техникалық жабдықтау базасы істен шығыпты. Одан бөлек, Украинадағы әскери қоймаларға соққы жасалып, Еуропа мен АҚШ жеткізген қару-жарақ, оқ дәрілер жойылып кеткен. Бұған дейін Кремль Америка мен Батыс елдерін «Украинаны қаруландырып отыр» деп айыптаған еді.
«Соққы нәтижесінде 26 басқару пункті мен 25 артиллериялық қуаттағыш қирады. Гусаровка мен Великая Камышеваха ауданында орналасқан артиллериялық зымыран мен оқ-дәрінің 4 қоймасы тас-талқан болды. Ресейдің қарулы күштері дәлдігі жоғары зымыран атып, Одесса маңындағы әскери аэродромда орналасқан логистикалық терминалды істен шығарды. Онда АҚШ пен Еуропа елдерінен әкелінген қару-жарақтың ірі көлемі сақталған», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков.
Ал ЕО Ресейге қарсы санкциялардың 6-легін енгізуге ниетті. Бұл шектеу Мәскеудің мұнай импортына соққы береді деген пікірде Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті. Жалпы Батыс елдері 2027 жылға дейін Ресейдің газы, мұнайы және көміріне тәуелділікті жоюды жоспарлап отыр. Сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қорғаныс министрі Ллойд Остин Киевке келіп, Владимир Зеленскиймен кездесті. Жүздесу нәтижесінде Вашингтонның жоғары лауазымды тұлғалары Украинаға 713 миллион доллар көлемінде қосымша әскери көмек беруге уәде берді.
Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы