Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттің зайырлылығын айқындайтын Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске енгізілген түзетулерді бекітетін заңға қол қойды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Әділет министрлігінің мәліметіне сай, заңнамаға енгізілген түзетулер көп әйел алуды насихаттау, АХАЖ-да ресми неке қимай «никох» рәсімін жасау, гендерлік кемсіту, сондай-ақ қоғамдық орында жеке басын анықтауға мүмкіндік болмайтындай дәрежеде жабық киім кигендерге қолданылатын жауапкершіліктерді қамтиды.
- Екі және одан да көп әйелмен бірге тұруды насихаттау, осы тұрғыда идея немесе үндеу тарату, сондай-ақ мұндай әрекеттерді қолдау 15-тен 30 базалық есептік шамаға (БЕШ) дейін немесе 4,950 миллионнан 9,9 млн сомаға дейін мөлшерде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алумен жазаланады, - делінген Өзбекстан Әділет министрлігінің мәліметінде.
Некесі заңды тіркелмеген адамдар арасында, оның ішінде неке жасына толмағандармен отбасын құру бойынша діни рәсім жасағандарға 15-тен 30 базалық есептік шамаға дейін айыппұл салынады.
Гендерлік кемсітуді насихаттау, әйелдер мен ерлердің тең құқығын ашық түрде жоққа шығару, осы бағыттағы идеялар мен үндеулерді тарату 10-нан 20 БЕШ-ке дейін немесе 3,3-6,6 миллион сум айыппұлмен жазаланады.
Бұдан басқа, жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтіндей бүркеніп киінген адамдардың қоғамдық орындарда болғаны үшін жаза енгізіліп отыр. Осындай әрекет үшін 3,3 - 4,95 млн сум аралығында айыппұл тағайындалады.
Ведомстводан атап өткендей, тиісті өзгерістер заң ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Оқи отырыңыз: Дұрыс тамақтану мен таза ауада серуендеу - ұзақ өмір сүруге ықпал етеді