26 адам із-түзсіз жоғалып кетті
Вьетнамның солтүстік бөлігін соққан Яги супертайфуны салдарынан кем дегенде 14 адам қаза тауып, 180-нен астам адам жарақат алды, 26 адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы елдің Төтенше жағдайларға ден қою және іздестіру-құтқару жұмыстары жөніндегі ұлттық комитеті мәлімдеген.
Ақпаратқа сәйкес, апаттан ел астанасы Ханой, Кампх, Монг Кай, Хайфон, Ха Лонг портты қалалары, сондай-ақ жақын маңдағы солтүстік Тайбинь, Хоа Бинь және Хунг Йен провинциялары қатты зардап шеккен.
«Апат осы өңірлердегі 400-ден астам электр қуатын беру мұнарасы мен 27 қосалқы станцияны зақымдап, электр желілерінің үзілуіне әкеліп соқты, 121 мың гектардан астам егістік алқапты су басты. 38 кеме мен балық аулау қайықтары суға батып кетті, көбі жағалауда жоғалып кетті», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Вьетнамның солтүстік бөлігінде соққан Яги супертайфуны салдарынан төрт адам қаза тауып, 78 адам жарақат алғаны хабарланған болатын.
Оқи отырыңыз: Әлем аруы байқауына Моңғолияның атынан қойшының қызы қатысады