БҰҰ-ның мәлімдеуінше 159 бейбіт тұрғын Запорожье қаласына жеткізілген
Мариупольдегі «Азовсталь» зауытында 2 айдан астам уақыт қамауда болған адамдар эвакуациялана бастады. БҰҰ-ның мәлімдеуінше 159 бейбіт тұрғын Запорожье қаласына жеткізілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың 101-і «Азовсталь» зауытынан шыққандар. Алайда 200-ге жуық адам жертөледе қалған. Ал Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы бұрын-соңды қоршауда болған аумақтарда қаза болған бейбіт халықтың расымен де азапталғанын хабарлады.
«Эвакуация сәтті аяқталды. Алайда ол жерден барлық азаматтар шыға алмады. Бізді осы жәйт алаңдатады. Бұл зауыттың көлемі өте үлкен. Сондықтан қамауда қалғандардың тысқа шығуы қиын болды. Көбі қатты қорқып қалған», – деді БҰҰ-ның резидент-үйлестірушісі Оснат Лубрани.
Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі кеше Украинадағы 39 әскери нысанның көзін жойғанын хабарлады. Сонымен қатар Одесса мен Львов қалаларын да зымыранмен атқылады. Салдарынан шаһардың кей ауданында электр жүйесі істен шығып, тұрғындар жарықсыз қалған. Ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, Мәскеу бұл арқылы Батыс елдерінен жеткізіліп жатқан әскери көмекке кедергі келтіріп, Украинаның Қара теңізге шығуын шектеуге тырысып жатыр.
«Әскери қимыл кезінде Красный Лиман, Краматорск және Камышеваха елді мекенінде әуе нысандарын анықтайтын төрт радиолокациялық бекет, оқ-дәрілер мен зымыран-артиллериялық қару-жарақтың 6 қоймасы, сондай-ақ АҚШ жеткізген радиолокациялық станция жойылды», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.
Еуропа 2 аптадан кейін жыл соңына дейін Ресей газының үштен екі бөлігінен бас тарту бойынша жоспарын ұсынбақшы. Бұл ретте ЕО Мәскеудің мұнай өндірісіне қарсы санкциялардың 6-легін жариялады. Батыс елдері алдағы уақытта Африкамен энергетикалық сектордағы ынтымақтастықты нығайтуға ниеттеніп отыр.
Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы