Якутияда автокөлік мұздың астына батып кетті. Көлікте жеті адам болған, оның ішінде бесеуі – бала. Балақайлардың бірі көз жұмған. Бұл туралы Ресей ТЖМ Якутия республикасы бойынша Бас басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті деп хабарлайды Kaz.nur.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.
Өңірде күннің жылуына байланысты барлық мұз өткелдері жабылған. Карантин шаралары шеңберінде Лена мен Алдан өзендері арқылы адамдарды өткізу тоқтатылған.
"Верхневилюйск селосынан 2 шақырым қашықтықта, Вилюй өзенінің 440-шақырымында көлік құралының заңсыз мұзға шығуының салдарынан суға батқаны туралы ақпарат келіп түсті. Автокөлікте жеті адам болған, оның бесеуі – бала. Балақайлардың бірі көз жұмды", – деп мәлімдеді ТЖМ-нің республика бойынша бас басқармасы.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың басында Ресейдің Владивосток қаласындағы Руский аралында балықшылардың 30-ға жуық автокөлігі мұз астына түсіп кеткен болатын. Ресей ТЖМ-нің Приморск өлкесі бойынша бас комитетінің төрағасы аталған оқиғаға пікір білдіріп, бұған балықшылардың көлікпен мұзға шықпау туралы талапты орындамауы себеп болғанын жеткізген еді.