Сеул қаласының мэрі О Се Хун 156 адамның өмірін қиған Хэллоуиндегі оқиғаға байланысты кешірім сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты Сеул мэрі ретінде, мен апат үшін шексіз жауапкершілікті сезінемін және кешірім сұраймын. Сеул қаласының әкімшілігі жерлеу рәсімі аяқталмайынша және осы апат салдарынан қаза тапқандардың отбасылары, жарақаттанғандар мен қайғыға душар болған барлық азаматтар күнделікті өмірлеріне оралғанша, өзінің әкімшілік билігін жұмылдыруға барынша күш-жігер салады», - деді мэр қалалық кеңседе өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, жергілікті БАҚ-та қала әкімшілігі мен полицияның Итхэвондағы жағдайды бақылай алмағаны туралы мәселе қызу көтеріліп жатыр. Кейбір сыншылардың пікірінше, Сеул қаласының әкімшілігі, Енсан аудандық кеңсесі және полиция Хэллоуин мерекесінде 100 мыңнан астам халық жиналуы мүмкіндігін ескеріп, жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын қабылдауы тиіс еді.
Бүгін полицияның арнайы тергеу тобы Сеул қалалық полиция басқармасы, Енсан полиция бөлімі және тағы алты кеңседе полицияның Итхэвондағы адамдардың өліміне әкелген әрекетсіздігін тергеу аясында рейд жүргізді. Бұған дейін Ұлттық полиция басқармасы қайғылы оқиғадан 4 сағат бұрын Итхэвонда адамдар тым көп жиналып жатқаны туралы 11 жедел шақырту түскенін, бірақ еш әрекет жасалмағанын мойындаған еді.
Еске салсақ, Оңтүстік Корея астанасында Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде кемінде 151 адам мерт болғаны хабарланды, оның 19-ы шетелдік.
ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, қаза тапқандар арасында бір отандасымыз болды. Ақтөбе облысының тумасы, 1996 жылғы қазақстандық Кореядағы жоғары оқу орындарының бірінде оқып жүрген.
Дереккөз: ҚазАқпарат