АҚШ-тың Жоғарғы соты Нью-Йоркте қоғамдық орындарда жасырын атыс қаруын алып жүруді шектейтін заңның күшін жойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Судьялардың шешімі адамдардың Нью-Йорк көшелерінде және Лос-Анджелес пен Бостон сияқты басқа да ірі қалаларда заңды түрде қару алып жүруіне мүмкіндік береді. Бұл – АҚШ Жоғарғы сотының он жылдан астам уақыт ішінде қару-жарақ туралы қабылдаған алғашқы ірі шешімі. Ол жақында болған жаппай атыстардан кейін қабылданып отыр.
Нью-Йорк қаласының мэрі Эрик Адамс бұл шешімнен туындайтын қауіпті азайту үшін жұмыс істейтінін және шаһардың «Жабайы Батысқа» айналуына жол бермейтінін мәлімдеген.
АҚШ президентінің әкімшілігі судьяларды Нью-Йорк заңын сақтауға шақырды. Джо Байден «қатты көңілі қалғанын» айтқан. Ол азаматтарды қару-жарақ қолданылатын зорлық-зомбылықтан қорғау үшін «есті» заңдар қабылдауға шақырды.