Жексенбі күні өте қуатты тайфун Жапонияның оңтүстік-батысына қарай жылжуын жалғастырды, ал ауа-райы агенттігі ел тұрғындарын барынша абай болуға үндеп жатыр. Бұл туралы Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жапонияның метеорологиялық агенттігі «Хайшен» тайфунының Окинаваға және Кагосима префектурасындағы Амами-Осима аралына жақындап қалғаны туралы мәлім етті. Жексенбінің кешінен бастап дүйсенбі таңына дейін ол Кюсю аралының батыс жағалауынан солтүстікке қарай ығысады. Жергілікті тұрғындарға нөсер жауын, жел екпіні, алып толқындар мен су деңгейінің көтерілуі кезінде ерекше сақтық шараларын қолдану туралы ескерту жасалды. Өрт және табиғи апаттарға қарсы күрес жөніндегі агенттіктің ақпаратынша, Окинава, Кагосима, Кумамото және Нагасаки префектураларында тұрып жатқан 100 мыңнан астам отбасының 200 мың мүшесін эвакуациялау туралы бұйрықтар мен кеңестер шығарылған. Ал жапон қоғамдық теледидарының хабарлауынша, Жапонияның оңтүстік және оңтүстік-батысындағы 800 мыңнан астам тұрғын жексенбіде жергілікті биліктен супертайфунның жақындауына байланысты қауіпсіз жерге шығу туралы нұсқаулық алған. Kyushu Railway Co. компаниясы дүйсенбіден бастап өз пойыздары мен жергілікті пойыз қозғалысының тоқтатылғанын мәлімдеді. Ал West Japan Railway Co.компаниясы дүйсенбі күніне Хиросима және Хаката стансалары арасындағы Sanyo Shinkansen жөргек пойыздардың қозғалысын тоқтатады. Жексенбі күнгі сағат 13:00-дегі жағдай бойынша, тайфун Якусима аралынан 170 шақырым жерден солтүстік батыс аймаққа cағатына шамамен 30 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатыр. Ал желдің жылдамдығы сағатына 234 шақырымды құрады.