Германияда толассыз жауған жаңбырдың салдарынан су тасқыны болып, кем дегенде 180 адам қаза тапты. Із-түссіз жоғалған адамдар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Табиғи апат елдің батыс және оңтүстік-батысына қатты залал келтірген. Рейн өзені арнасынан асып, көшелер мен жолдарды су шайып, көпірлер қираған. Әсіресе, Рейнланд-Пфальц аймағындағы адам шығыны 110-ға жетті. Ал солтүстік Рейн-Вестфалияда 40-тан астам адам көз жұмды. Аумақтағы бөгет жарылуы мүмкін болғандықтан тұрғындар эвакуацияланған. Рейн-Эрфт округінде төтенше жағдай режимі жарияланды. Ал Арвайлер округінің біраз бөлігінде электр жарығы мен телефон байланысы үзілген.
«Біз көліктерімізден шығып, көпір арқылы жаяу келесі бетке өтпек болдық. Сол кезде судың қаншалықты жоғары көтеріліп кеткенін түсіндік. Жан-жағымызда автокөліктер су бетінде қалқып жүрді», – деді тұрғын.
Жергілікті билік өкілдері мың жарымға жуық адам жоғалып кетті деген ақпар таратқан болатын. Қатты зақым келген аумақтарда тілсіз жау қазір тоқтаған. Апаттан кейін тұрғындар көшелер мен үйлерін лайдан тазартып жатыр. Ал ел канцлері Ангела Меркель ең көп зарар келген аумақ Рейнланд-Пфальц мекеніне барып жағдайды көрді. Билік қираған үйлер мен көпірлерді ретке келтіру үшін жедел түрде 300 миллион евро бөледі. Жойқын су тасқыны Германиядан бөлек, Бельгия мен Нидерланды елдерін де әуреге салды.
«Ғылыми тұрғыдан қарағанда табиғаттағы мұндай ауытқулардың басты себебі климаттың өзгеруінен болады. Жауынның неге үздіксіз жауатынын түсіндіретін түрлі модель бар. Демек, біз бұл мәселені жүйелі түрде шешуді қарастыруымыз керек», – деді Германия федералды канцлері Ангела Меркель.