Қазақстандық құтқарушылар Түркияның бірнеше қаласында іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Елдегі еріктілер де жылу жинап, жөнелтіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық құтқарушылар бауырлас елдің бірнеше қаласында іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанға жеткізілген 42 отандасымыздан бөлек тағы 22 қырғызстан азаматы да бар. Олар Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан келген екен. Кеше Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қосымша көмек көрсету үшін Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің екінші эшелоны қажетті іздестіру-құтқару құрал-жабдықтары тиелген ұшақпен Газиантеп қаласына жеткен еді. Біздің құтқарушылар Газиантептегі қираған үйдің астынан қарт кісі мен 2 жас жігітті алып шықты.

Қазақстандық құтқарушылар үйіндінің астына түсіп, сонда қалып қойған адамдарды жоғарыда тұрған Түрік әріптестеріне беріп жатыр. ТЖМ таратқан ақпарға сай, біздің мамандар қираған нысандардың ішіне кіріп, аса қауіпті жерлерде жұмыс істеп жатыр. Тіпті, адамдарды анықтау үшін арнайы кинологиялық есептоптар мен іздеу құрылғылары қолданылып жатыр екен. Сонымен қатар, мамандар қабырғасы құлаған үйлердің жанына үрмелі палаткаларды қойып, жер сілкінісі кезінде зардап шеккендердің туыстарын сол жерге орналастырған.

Түркияда із-түзсіз жоғалған қазақстандықтардың туыстарына да көмек көрсетілуде. Үйінді астында қалып қойған достары мен ағасын іздеп барған Алмат Құрмашев есімді отандасымыз жақындарын табуға көмектесетін 70 тонналық кран, дрондар немесе камерасы бар радиомен басқарылатын көліктер, тепловизорлар қажет екенін айтып бейне үндеу жолдаған болатын. Таң ата отандасымыз мамандардың үйіндіні аршып жатқаны туралы видео таратты.

Қазақстандық құтқарушылар қазір Түркияның Газиантеп пен Хатай қалаларында және Нұрдағы деген елдімекенінде іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қирандылар арасынан 10 адамның денесі табылып, 4 адам тірідей құтқарылған.  

«Құтқарушылар күндіз-түні 2 аусыммен жұмыс істеп жатыр. Барлық керек заттарымыз, құралдарымыз жетеді. Жергілікті әкімшілікпен осы жердің құтқару басқармасымен жұмысты ұйымдастырдық», – деді ҚР ТЖМ бірінші орынбасары Ибрагим Құлшымбаев.

Қазақстан Түркия мемлекетіне материалдық, моральдық тұрғыда да барынша қолдау білдіріп жатыр. Кеше кешкісін Астанадағы ЭКСПО ғимаратында бауырлас елдің туы көрсетілген еді. Қазақстаннан еріктілер де жылу жинап, жөнелтіп жатыр.

Өмір Серікбекұлы, Ринат Утеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров