Үнді халқының тек 10 пайызы вакцина алған
Үндістанда коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша күн сайын рекорд тіркеліп жатыр. Онымен қоса, ауруханаларда оттегі аппаратының жетіспеуінен ел билігі басқа мемлекеттерден көмек сұрауда. Ал, төсек-орынның тапшылығынан науқастар ауруханаға барар жолда жан тапсыруда. Үнді еліндегі ахуал Almaty.tv тілшісінің Сымбат Ноғайдың материалында.
Үндістанда тәулігіне 300 мыңнан астам тұрғын коронавирус жұқтырса, 2 мыңнан астам адам бақилық болып жатыр. Көшелерде туыстарын жоқтап, аза тұтқандар да көбейген.
Оқиға болған жерден:
– Менің әпкем жаңа ғана көз алдымызда қайтыс болды. Ауруханада орын жоқ. Біз тұрақта бір сағат тұрдық. Осы уақытта оның жүрегі тоқтап қалды.
Крематорийлер мәйіттерді ешбір рәсімсіз өртеп жатыр. Тұрғындар мәйітханалардың алдында табыттарымен сағаттап кезекте тұруда. Тіпті, кейбірі көшеде өртеуге мәжбүр.
«Дәрігер болып жұмыс істеп жүргеніме 20 жыл болды. Мен өз тәжірибемде мұндай нәрсені ешқашан көрген емеспін. Науқастардың көптігінен барлық қауіпсіздік шараларын сақтау мүмкін емес. Дәрігерлер өмірлерін қатерге тігіп жатыр», – деді СЭР Ганга рама ауруханасының дәрігер-кеңесшісі Атул Гогия.
Коронавируспен күресуге қауқары қалмаған үнді билігі өзге мемлекеттерден көмек сұрап отыр.
«Біз үміттенуден қалдық. Халық тұншығып жатыр. Бізге күніне кем дегенде 700 метрикалық тонна оттегі қажет. Қазір тек 480 тоннасы ғана қолжетімді болып отыр», – деді Делидің бас министрі Арвинд Кежривал.
АҚШ, Ұлыбритания және Германия мемлекеттері ауыр жағдайда қалған елге қол үшін беруге дайын екенін жеткізді.
«Біз оттегі баллондары мен басқа да жабдықтарды шығаратын мобильді цехтарды жұмылдырып жатырмыз. Бұл істе бүкіл Еуропа атсалысуда. Біз Үндістанға көмектесу үшін бар күшімізді саламыз», – деді Германия федералдық канцлері Ангела Меркель.
Ғалымдардың айтуынша, Үндістанда анықталған коронавирустың жаңа мутациясы тез таралып жатыр. Болжам бойынша, коронавирустың бұл толқыны мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетеді. Айта кетейік, бүгінде үнді халқының тек 10 пайызы вакцина алған.
Сымбат Ноғай, Денис Земцов, «Алматы» арнасы