Қаза тапқандар арасында жүздеген бала да болған
2024 жылы 2200-ден астам заңсыз мигрант Жерорта теңізін кесіп өтпек болған кезде қаза тапқан, кейбіреуі із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
The Guardian басылымының жазуынша, бұл туралы ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Регина Де Доминисис мәлімдеген.
Оның айтуынша, қаза тапқандар арасында мигранттар санының 20%-ын құрайтын жүздеген бала да болған. Мигранттардың көпшілігі өз елдеріндегі соғыстан, жоқшылықтан және зорлық-зомбылықтан қашпақ болған.
Мигранттардан апаттық қоңырауларды қабылдайтын Alarm Phone ұйымы соңғы күндердің өзінде Орталық Жерорта теңізінде адамдар мінген кемінде төрт қайықтың аударылғанын мәлім етті.
Италия мигранттардың негізгі кіру нүктесі болып қала береді, ал Жерорта теңізі арқылы өтетін орталық жол ең қауіпті жолдардың бірі саналады.
БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметі бойынша, 2014 жылдан бері осы жолда 25,5 мыңнан астам адам өлімі мен жоғалу дерегі тіркелген. Қайғылы оқиғалардың ең көп саны Тунис пен Ливиядан шыққан кемелерге қатысты болып отыр.
Оқи отырыңыз: Бразилия Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін зерттеуді бастады