Филиппинде өртенген паромда қаза тапқандар саны 76-ға жетті

Philippine Coast Guard/Handout/Anadolu via Getty Images
Philippine Coast Guard/Handout/Anadolu via Getty Images

Құтқарушылар кемеден тағы 41 адамның мәйітін алып шыққан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Филиппиннің Палаван провинциясы жағалауында жолаушылар паромының өртенуі салдарынан қаза тапқандар саны 76 адамға жетті. Тағы 13 адам хабар-ошарсыз кетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Anadolu Ajansi хабарлауынша, қайғылы оқиға 9 қыркүйекте кешке Маниладан Палаван провинциясындағы Корона қаласына бет алған MV June Aster паромында болған. Кеме жағалауға жақын маңда өртеніп, жалын бірнеше секунд ішінде бүкіл паромға тараған.

Филиппин жағалау күзетінің мәліметінше, құтқарушылар кемеден тағы 41 адамның мәйітін алып шыққан. Осыдан кейін қаза тапқандар саны 35-тен 76-ға дейін өскен.

Қазір 43 адам аман қалғаны белгілі. Кеме жолаушыларының тізімінде бастапқыда 134 адам болған. Алайда олардың екеуі паромға отырмағанын мәлімдеген.

Осылайша, кемеде нақты қанша адамның болғаны іздеу-құтқару жұмыстары мен қаза тапқандарды сәйкестендіру аяқталғаннан кейін нақтылануы мүмкін.

Құтқару операциясы жалғасып жатыр. Қаза тапқандардың денелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Кейбір мәйіт қатты күйіп кеткендіктен, оларды сәйкестендіру үшін ДНҚ сараптамасы қажет болуы мүмкін.

Өрттің нақты шығу себебі әзірге белгісіз. Оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін MV June Aster бортында Қазақстан азаматтары болмағанын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Миды тынықтыруға көмектесетін қарапайым әдістер қандай