Зерттеу нәтижелері қазіргі климаттық өзгерістер қарқынының бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін көрсетті
Вена университеті мен Цюрих жоғары техникалық мектебінің ғалымдары жаһандық жылыну салдарынан Жердің өз осінен айналуы баяулап жатқанын мәлімдеді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, планетадағы күннің ұзаруы соңғы 3,6 миллион жылда байқалмаған жылдамдықпен жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тәулік ұзақтығының Айдың гравитациялық әсеріне, сондай-ақ Жер қойнауындағы, оның бетіндегі және атмосферадағы әртүрлі геофизикалық процестерге байланысты құбылып тұратыны белгілі. Есептеулер көрсеткендей, 2000-2024 жылдар аралығында күндердің ұзару жылдамдығы ғасырына 1,33 миллисекундқа тең болған. Бұл процесс климаттың өзгеруіне, әсіресе теңіз деңгейінің көтерілуіне және мұздықтардың еруінен туындаған құрлықтар мен мұхиттар арасындағы массаның қайта бөлінуіне байланысты туындап отыр.
Ғалымдар тобы біржасушалы теңіз организмдерінің қазба қалдықтарын пайдалана отырып, ежелгі дәуірдегі күн ұзақтығының қалай өзгергенін анықтады. Олар мұхит түбіндегі фораминифералардың химиялық құрамын талдап, теңіз деңгейінің ауытқуы туралы қорытынды жасады. Осыдан кейін ғалымдар математикалық модельдеу арқылы тәулік ұзақтығының тиісті өзгерістерін есептеп шығарды.
Төрттік кезең (2,6 млн жыл) ішінде ірі континенттік мұздықтардың өсуі мен еруі тәулік ұзақтығының бірнеше рет ауытқуына себеп болғаны белгілі болды. Алайда XXI ғасырдағы өзгерістер соңғы 3,6 млн жылдағы ең елеулі көрсеткіш болып шықты.
Зерттеу нәтижелері қазіргі климаттың өзгеру қарқыны, ең кемі, кеш плиоцен дәуірінен бері болмаған деңгейде екенін көрсетті. Күндізгі уақыттың (световой день) мұндай жедел өсуі, ең алдымен, адам факторының әсерімен түсіндіріледі.
Болжамдарға сәйкес, XXI ғасырдың соңына қарай климаттың өзгеруі тәулік ұзақтығына Айдың тартылыс күшінен де күштірек әсер ететін болады. Тербелістер миллисекундтармен ғана өлшенгенімен, олар көптеген салаларда, соның ішінде дәл ғарыштық навигацияда іркілістер тудыруы мүмкін деп хабарлайды Journal of Geophysical Research: Solid Earth.
Басқа бір зерттеу жаһандық жылынудың 2015 жылдан бастап күрт жеделдегенін көрсетті. 1970 жылдан 2015 жылға дейін Жер онжылдығына 0,2 градус Цельсийден сәл ғана төмен қарқынмен жылыса, 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш 0,35 градусқа жеткен.
Оқи отырыңыз: Алматыда 16-22 наурыз аралығында ауа райы қандай болады