Ақ үйдің бұрынғы басшысының айтуынша, президент кезінде оған «келімсектермен байланыс» туралы деректерге қолжетімділік болмаған
АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама тағы да қоғам назарын аудартты. Ол бөгдеғаламдықтардың бар-жоғы жөнінде бірқатар даулы пікір айтып, аты аңызға айналған «51-аймақтың» құпиялары туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv Белновости сайтына сілтеме жасап.
Танымал ютубер Брайан Тайлер Коуэнге (iDubbbz) берген сұхбатында экс-президент нақты жауап берді:
— Олар бар, бірақ мен оларды көрген жоқпын, — деді Обама жерден тыс тіршілік туралы сұраққа жауап беріп.
Бұл мәлімдеме бірден әлемдік БАҚ-та тарады. Алайда бұрынғы президент қастандық теорияларын жақтаушылардың қызуын басуға асықты.
Обаманың айтуынша, президент болған кезінде оған келімсектермен байланыс жөніндегі деректер берілмеген, ал атақты «51-аймақ» — бөтен технологияларды жасыратын орталық емес.
Саясаткердің сөзінше, онда жерасты базалары да, жұрттан жасырылған «жасыл адамдар» да жоқ. Нысанда тек озық әскери ұшақтарды сынауға байланысты құпия әзірлемелер жүргізіледі.
Сонымен бірге тәжірибелі саясаткер күмәнданушыларға да «саңылау» қалдырды. Ол өзінің бейхабарлығы тек бір жағдайда ғана рас болатынын — егер АҚШ президентінен де жасырылатын «үлкен қастандық» болмаса — деп әзілмен атап өтті.
Бұл ескерту әлеуметтік желілерде жаңа талқылаулар туғызды: бірі оны конспирологияны әжуалау деп қабылдаса, енді бірі ел басшылығы барлық әскери құпияны біле бермейтінін меңзеген ишара деп түсінді.
Обаманың пікірлері жайдан-жай айтылған жоқ. Соңғы жылдары белгісіз ұшатын нысандар тақырыбы ресми Вашингтон күн тәртібіне еніп, маргиналды тақырып болудан қалды.
АҚШ Қорғаныс министрлігі белгісіз аномалиялық құбылыстарды (НАҚ) зерттеу үшін арнайы басқарма — AARO құрды. Бұл құрылым әскери ұшқыштар жиі тіркейтін әуе кеңістігіндегі белгісіз нысандарды жүйелеп, зерттеумен айналысады.
Сонымен қатар соңғы жылдары АҚШ Конгресі үкімет пен қорғаныс ведомстволарына белгісіз нысандарға қатысты деректерді кезең-кезеңімен жариялауды міндеттейтін заңдар қабылдады.
Бұл мәселенің енді тек мәдени немесе фантастикалық емес, ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық басымдық тұрғысынан қарастырылып отырғанын көрсетеді.
Айта кетейік, АҚШ үкіметі тек 2013 жылы ғана көп жыл бойы уфологтарды қызықтырған «51-аймақтың» бар екенін ресми түрде растаған. Обаманың айтуынша, онда ешқашан келімсектер жасырылмаған, алайда нысан туралы ұзақ уақыт үнсіздік сақталуы түрлі қауесетті күшейткен.
Оқи отырыңыз: Мінсіз құймақ дайындаудың қарапайым ережесі