«Милтон» дауылынан қаза тапқан адамдар саны артып жатыр

11.10.2024 12:27

Қазіргі кезде 3,2 млн адам жарықсыз отыр

pixabay.com

Флоридада «Милтон» дауылы құрбандарының саны 14 адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Торнадо пайда болған Атлант мұхиты жағалауындағы Сент-Люси округінде осы уақытқа дейін 5 адамның қаза тапқаны расталды. Полиция мәліметінше, Сент-Петерсбургте екі адам қаза тапты. Волусия округінің шерифі үш адам мерт болғанын хабарлады. Ситрус округінде көлік үстіне ағаш құлап, ер адам көз жұмған. 

Келтірілген шығынның толық көлемі әзірге бағаланған жоқ.

«Милтон» дауылы Флоридаданы қуат көздерінен ажыратты. Қазіргі кезде 3,2 млн адам жарықсыз отыр. Штаттағы көптеген үй зақымданған, қираған. Сент-Питерсбергте желден жергілікті бейсбол стадионының шатыры жұлынып, оған жақын жерде көтергіш кран құлаған.

Бұған дейін АҚШ-та 5 млн-ға жуық адам эвакуациялау туралы бұйрық алғаны хабарланған болатын. 

Florida State University, University of Florida, University of South Florida және University of Miami-де білім алып жүрген қазақстандық студенттер үйінде отыр. Оқу орындары уақытша жабылып, оқу процесі тоқтатылды.

Халықаралық бағдарламалар орталығы «Милтон» дауылының Флоридаға жақындағанына байланысты жағдайды бақылап отыр.

Оқи отырыңыз: Флоридада «Милтон» дауылынан 4 адам қаза тапты