Ыстанбұлдың ең ірі кітапханасында алғаш рет Қазақстанның ғылыми-әдеби бұрышы ашылды

пресс-служба Миннауки и высшего образования РК
пресс-служба Миннауки и высшего образования РК

Екі ел арасындағы бастама аясында қазақстандық тараптан 250 дана кітап сыйға тартылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Рами кітапханасында «Қазақстанның ғылыми және әдеби бұрышының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған бастама алғаш рет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым ордасы» РМК-ның бастамасымен және ҚР Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жобаның мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету, қазақтың әдеби және ғылыми мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, сондай-ақ Рами кітапханасында қазақ ғылымы мен әдебиетіне арналған тұрақты ақпараттық-танымдық кеңістік қалыптастыру.

Салтанатты іс-шараға Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары, доктор Решиде Юксель, ҚР Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл, Рами кітапханасының директоры Али Челик, қазақ әдебиетінің түрік тіліне аудармашысы Құддыс Чолпан, «Ғылым ордасы» РМК-ның бас директоры Ұлар Мұқажанов, TURKTAV Түркі тарихы мен мәдениеті қорының атқарушы директоры Әсел Лахаева, сондай-ақ ТҮРКСОЙ өкілдері, Түркияның мәдениет және білім саласының зиялы қауым өкілдері мен Түркиядағы қазақстандық студенттер қатысты.

Іс-шара барысында «Ғылым ордасы» РМК-ның бас директоры Ұлар Мұқажанов бастаманың маңыздылығын атап өтіп, оның Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды.

«Рами кітапханасында ашылған бұл бұрыш Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, қазақтың зияткерлік мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадам», – деді Ұлар Мұқажанов.

Екі ел арасындағы бастама аясында қазақстандық тараптан 250 дана кітап сыйға тартылды. Жаңа бұрышқа Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұсынған қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті мен ғылымына арналған басылымдар қойылды. Айта кету керек, Орталық ғылыми кітапхана бүгінде 6 миллионға жуық кітап қорына ие еліміздегі ең ірі ғылыми кітапханалардың бірі болып саналады.

Жобаның дәл Рами кітапханасында жүзеге асырылуы да айрықша мәнге ие. XVIII ғасырда салынған тарихи ғимарат кешенді реставрациядан кейін Түркияның ең ірі әрі заманауи білім орталықтарының біріне айналды. «Тірі кітапхана» тұжырымдамасын енгізген бұл мекеме бүгінде ғылым, мәдениет және өнер салаларындағы халықаралық жобаларды жүзеге асыратын маңызды платформа ретінде қызмет атқарып келеді.

Рами кітапханасында «Қазақстанның ғылыми және әдеби бұрышының» ашылуы – қазақ ғылымы мен әдебиетін әлемдік кеңістікте танытуға және Қазақстан мен Түркия арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени бастама.

Новости партнеров