Қазақстанға Pfizer вакцинасы қазан айында жеткізілетін болды. Бұл туралы еліміздің денсаулық сақтау министрлігі өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша екпе шығарушылармен биылғы жылдың төртінші тоқсанында препаратты жеткізу туралы алдын ала келісімге келген. Енді мәміленің негізгі шарттары туралы Pfizer компаниясымен тұрақты негізде келіссөз жүріп жатыр. Ал республикада халықты жаппай вакциналау науқаны қалай жүріп жатыр? Қазақстанға тағы қандай екпе түрлері келуі мүмкін? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың бейнематериалында.
Алматы еліміз бойынша ковидтік екпе алғандар саны бойынша көш бастап тұр. Өткен тәуліктің өзінде 15 мыңнан аса адам вакцина салдырған. Ал ақпаннан бері 615 мыңдай алматылық коронавирустық препараттың бірінші компонентін алыпты. Халықты жаппай вакциналау үшін қалада 212 екпе орны ашылған. Олар таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін демалыссыз жұмыс істеп тұр. Індетке қарсы иммунитет қалыптастыруға ниетті азамат жеке куәлігімен келсе болды.
«Инфекцияның алдын-алу мақсатында жаппай вакцианалау жүргізіліп жатыр. Ол үшін біздің учаскелік дәрігерлер және жалпы медицина қызметкерлері вакцинацияның қалай әсер ететіні, аурудың алдын алуында қандай маңызды рөл атқаратыны туралы үнемі ақпараттық жұмыстар жүргізеді», – деді № 15 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Әсел Сатаева.
Әзірге қалада Спутник-V вакцинасы ұсынылып отыр. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, ресейлік препараттың қоры жеткілікті. Қалған екпенің дозасы 180 мың адамды вакциналауға жетеді. Ал күзде елімізге америкалық Pfizer екпесі жеткізілмек. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мен компания арасында келіссөздер жүргізілуде.
«Вакцинаны жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Министрлік пен Pfizer компаниясы арасында өзара іс-қимыл шеңберінде құпиялылық туралы келісімге қол қойылған. Қазіргі таңда министрлік келісімшарттағы талаптарды оңтайландыру бойынша Pfizer компаниясымен тұрақты түрде келіссөздер жүргізіп келе жатыр», – деді ҚР Денсаулық министрлігі департаментінің директоры Бауыржан Жүсіпов.
Айта кетейік, бүгінде алматылықтардың 33 пайызы толық вакциналау шарасынан өткен. Ал жалпы еліміз бойынша 2 миллион 662 мыңға жуық қазақстандық ковидтік екпенің екі дозасын алды.
Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев,«Алматы» телеарнасы