|
10.11.2021 | 15:48
2267

Оқушыларға коронавирус вакцинасы мектепте салынады – Алексей Цой

Сонымен қатар келесі жылдың қаңтарынан бастап жаппай ревакцинация жүргізіледі

Оқушыларға коронавирус вакцинасы мектепте салынады – Алексей Цой TASS/dpa/picture-alliance/David Young

Балаларға вакцина мектептерде салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Оның сөзінше, жақын арада білім ошақтарында оқушыларға коронавирусқа қарсы вакцина салу үшін егу пункттері ұйымдастырылады. Ал келер жылдың қаңтарынан бастап жаппай ревакциналау жүргізіле бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой балаларға коронавирус вакцинасы мектептерде салынатынын мәлімдеді. Ковидке қарсы екпе ата-аналардың келісімінен кейін 12 жастағы оқушыларға егіле бастайды. Сонымен қатар келесі жылдың қаңтарынан бастап жаппай ревакцинация жүргізіледі. 

«60 жастан асқан және коронавирусқа қарсы антиденесі жоқ адамдар ревакциналаудан өте алады. Қазақстандықтар сәуірде жаппай вакцина салдыра бастады. Соған байланысты қалған азаматтар 2022 жылдың қаңтарынан бастап ревакцина жасата алады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Сонымен қатар Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Осы ретте, Асқар Мамин Қазақстан экономикасы сенімді өсу қарқынын сақтап тұрғанын айтты.

«Инвестициялардың өсу қарқыны біртіндеп қалпына келуде. Өсім 2,5 пайызға артты, ал тау-кен өндіруді есептемегенде, 14 пайызға өсіп отыр. Негізгі капиталға инвестициялардың жоғары өсімі құрылыста, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, саудада, жылжымайтын мүлікпен операцияларда, қаржы қызметінде байқалып отыр», – деді ҚР премьер-министрі Асқар Мамин.

Ал республикалық бюджетте 40 млрд теңге игерілмей қалған. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев нақты қай министрліктер бюджет қаражатын игере алмағанын жеткізді.

«Игерілмеудің анағұрлым ірі сомасы Төтенше жағдайлар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Қаржы министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілген, шот-фактуралар, орындалған жұмыс актілері уақытылы ұсынылмаған, қазынашылық органдарына төлем шоттары кеш ұсынылған және конкурстық рәсімдер ұзақ өткізілген», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан бөлек, халық санағының нәтижесі қашан жарияланатыны белгілі болды. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің айтуы бойынша, ел тұрғындарынан 500 мыңнан астам өтініш түскен. Ал респонденттерге 25 млн-нан астам SMS-хабарлама жіберілген. Қазіргі таңда бюро алынған деректерді өңдеуге кіріскен және алдын ала деректерді биылғы желтоқсан айында ұсынуды жоспарлап отыр.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир